Парламентте Кәсіби біліктілік туралы заң жобасы таныстырылды. Құжатты талқылауға Қазақстан Халық партиясының депутаттары белсенді қатысты.
Заң жобасын әзірлеушінің өкілі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың айтуынша, қоғамға дәл осы құжат қажет. Бұған технологиялық прогрестің жеделдетілуі мен экономиканың цифрландыруы және ҚР еңбек ресурстарына қойылып отырған жаңа талап негіз болып отыр.
– Бұрын алған білімнің мәні мен маңызы біліктілікті арттырмаса да шамамен 10 жыл бойы өзекті болатын, – деп нақтылады вице-министр. – Қазір көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі 2 - ақ жыл ғана сақталады.
Жаңа заңға сәйкес, Қазақстанда Ұлттық біліктілік жүйесі әзірленіп, бекітіледі, сондай-ақ біліктілігі нақтыланатын түрлі кәсіптердің тізбесі түзіледі. Әзірлеушілердің пікірінше, заң жобасын қабылдау азаматтарды дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ынталандыруға мүмкіндік береді.
ҚХП депутаты Ислам Сұңқар қалай және қандай кәсіби стандарттар әзірленетінін нақтылады.
Белгілі болғандай, барлығы 100 - ге жуық мамандықты реттеу жоспарланып отыр. Осы үшін 400-ге жуық кәсіби стандарт әзірленбекші. Әрбір министрліктің жанынан сала қызметкерлері мен қоғам қайраткерлерінен құралған комиссия жасақталады.
– Заң жобасын прогрессивті деп санаймын, – деді Ислам Сұңқар. – Еуропа елдерінде қолданылып жатқан осындай нормалар түрлі дағдыларды өз бетінше меңгерген азаматтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Заң жобасы бейресми білім алған адамдардың білімін заңдастыруға жағдай жасайды. Олар біліктілігін растайтын құжат алады және алаңсыз жұмыс істейді.
Парламенттегі жұмыс тобы заң жобасын талқылау аясындағы қызметін ары қарай жалғастырады.