Медициналық көмек қолжетімді болуы керек

Қазақстан Халық партиясы үйде емделушілерге көрсетілетін медициналық қызметтердің тізімін кеңейтуді ұсынды. Бұл үшін Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі нормативтік-құқықтық базаға түзету енгізіп, клиникалық хаттамалар мен басқа құжаттарды әзірлеуі тиіс.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов атап өткендей, халықаралық және отандық медициналық тәжірибе мұндай шаралардың нақты орындылығы мен тиімділігін көрсетеді. Бұл жерде үйде қоректік қолдау (ауыз жолы арқылы тамақтану мүмкін болмаған кезде ағзаға қоректік заттарды енгізу), тыныс алуды қолдау және паллиативті көмек көрсету мәселесі сөз болып отыр.

«Емдеудің барлық кезеңдерінде мұндай қолдау пациенттердің өмір сүру ұзақтығы мен сапасын және оларды емдеу нәтижесін жақсартуға, сондай-ақ ауруханаға жатқызу жиілігін және стационарда болу мерзімін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті М.Магеррамов.

ҚХП қолданыстағы нормативтік базаға, клиникалық хаттамаларға және басқа да реттеуші құжаттарға түзету әзірлеуді ұсынады. Сондай-ақ үйде пациенттерге қоректік қолдауды ұйымдастыру үшін оларды мамандандырылған тамақ өнімдерімен, жабдықтармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен (катетерлер, зондтар және т.б.) қамтамасыз ету керек. Тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастарға медициналық жабдықтар да қажет болады. Ал паллиативтік көмек көрсету кезінде кішкентай пациенттерге ерекше назар аударылуы тиіс және штаттан тыс ересек маманнан басқа, паллиативтік медициналық көмек бойынша штаттан тыс балалар маманын тағайындау керек.

«Денсаулық сақтау Министрлігіне осы мәселелерді шешу үшін медицина мамандары мен пациенттер ұйымдарының қатысуымен жұмыс тобын құруды ұсынамыз», – деп атап өтті мәжілісмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy