Мектеп буфеттері мен асханаларынан фастфуд өнімдері алынып тасталады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі білім беру ұйымдарында пайдалы тағамға баса назар аудара отырып, тамақтанудың жаңа стандартын енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.
Жаңа стандарттарға сәйкес, сапаны арттыру бағытында дайын азық-түлік өнімдеріне де, олар дайындалатын шикізатқа да талаптар күшейтілетін болады. Сондай-ақ өндіруге және сатуға рұқсат етілмеген азық-түлік өнімдерінің тізімі жасалады.
«...Білім алушылардың тамақтануы барлық жастағы оқушылар/тәрбиеленушілер тамақты белгіленген кесте бойынша алатындай және оны тұтынуға уақыт барынша жеткілікті болатындай ұйымдастырылуы керек. Дайын тағамдарда тұз бен қанттың шектеулі мөлшері сақталуы тиіс...», - делінген құжатта.
Білім беру ұйымдарында тамақтануды жоспарлау кезінде тамақтану рационында кем дегенде 75% өсімдік тектес өнімдер (көкөністер, жемістер, жарма, бұршақ, жидектер, жаңғақтар, дәнді дақылдар) болуы тиіс. Стандартта мектепте дайындауға және сатуға болмайтын тыйым салынған тағамдардың тізімі де көрсетілген. Олар: фастфуд, пицца, чипсы, наггетстер, консервілер, кремді және кремсіз кондитерлік өнімдер, шұжықтар, ысталған ет, кофе және кофе сусындары және т.б.
Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова мектептегі тамақтану тақырыбы еліміз үшін өте өзекті екенін жеткізді. Осы ретте депутат отандық агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа өнімдерін пайдалану қажет екенін атап өтті.
«Мектептерге ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелу керек. Бірнеше жыл бұрын өзге елдерде мұздатылған және арзан болғандықтан біздің мектеп асханаларына әкелінген ет емес, дәрумені жоқ және нитраты бар жемістер емес, өзімізде өсірілген, табиғи жергілікті өнімдер болуы тиіс», - деп нақтылады ол.
Дұрыс тамақтану әдетін бала кезден қалыптастырған дұрыс. Бүгінде мектеп оқушыларының 25%-ы көбіне дұрыс тамақтанбайды, ал олардың қатарластарының тағы 20%-ы, керісінше, семіздікке шалдыққан. Күн сайын республикада 2 типті қант диабетімен ауыратын 100 жаңа науқас тіркеліп, қант диабеті жасарып келеді.
– Сондықтан мектептегі дұрыс тамақтану мәселесі өте маңызды! – дейді Смирнова.