Мемлекет ерекше балаларды оқыту үшін бар жағдайды жасауы тиіс!

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан «Дара» қоғамдық қорының жобалар мен бағдарламалар бойынша директоры Марал Шешембековамен кездесті. Қор мүгедек балаларға арналған мектепке дейінгі және мектептегі білім беруді дамытумен айналысады. Аталмыш мекеме осы күнге дейін республика бойынша 46-дан астам түзету кабинеттерін және 60 мектепте инклюзивті сыныптардың ашылуына мұрындық болған.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың білімі мен ортаға бейімделуі – Қазақстандағы ең өзекті мәселе. Әлі күнге дейін балаларды оңалту мекемелері жетіспейді, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар тапшы.

– Ерекше баланы дамытудың бірінші шарты – психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі, – деп есептейді Марал Шешембекова. – Себебі, бала да, тәрбиешілер де өздерін жайлы сезінуі керек.

Ал бұл мәселені педагогикалық ұжыммен ынтымақтаса іс қылатын кәсіби маман ғана шеше алады. Әйткенмен, балабақшаларда штаттық бірліктер жетіспейді. Тағы бір мәселе – түзету кабинеттерінің тапшылығы. Әдетте, мұндай аудандық деңгейдегі орта кабинетте 18 сағаттық жүктемесі бар 5-7 маман ғана жұмыс істейді. Ал балаларды оңалту қызметтерін алу кезегі ұзын-сонар.

– Жергілікті атқарушы билік түзету кабинеті жұмысының жүктемесін саралауы керек, – дейді Шешембекова. – Қолда бар жүктемеге сәйкес орталық күннің жартысында бос болады. Мамандардың екінші құрамын алып, ротация жүргізу керек. Сонда ғана біз мұқтаж адамдарға көмектесе аламыз.

Бұл принципті психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) жұмысында да қолдануға болады. Қазір балалар комиссиялық тексеруге алдын-ала, яғни, бір ай немесе одан да көп уақыт бұрын жазылады.

– Бірақ ПМПК баланың даму дәрежесін анықтайтын ұйым, – дейді директор. – Сондықтан комиссия балаларды түзету орталықтарына көптеп жіберуі тиіс. Ол үшін арнайы ұйымдар қажет. Ал бізде қалада жағдай керісінше, бірнеше комиссия бар, ал оңалту орталығының саны біреу ғана.

Инклюзивті білім беру дегеніміз – ерекше қажеттіліктері бар баланың мектепке дейінгі және мектептегі білім алу мүмкіндігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету. Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл бағыт әлі де ақсап тұр. Салдарынан ата-аналардың көпшілігі мүгедек балаларын шалғайдағы мамандандырылған балабақшалар мен мектептерге апаруға мәжбүр.

– Мемлекет барлығының, оның ішінде ерекше балалардың кедергісіз оқуы үшін бар жағдай жасауы тиіс, – дейді Кенжеғұл Сейітжан.

Қазір мәжілісмен аталмыш тақырыпты сараптап, депутаттық сауал дайындауда. Болашақта ол Қазақстан Халық партиясы «Дара» қорымен нәтижелі жұмыс үшін меморандумға қол қояды деп үміттенеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy