Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – қай жерде қандай өзгеріс болады?

Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің (МЖӘ) дамуына не кедергі болып отыр?

Қазақстан Халық партияның парламенттік фракциясы ұйымдастырған «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік Қазақстанның жаңа экономикалық саясатында» атты алқалы жиын барысында осы сұрақтың жауабы айтылды.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және инвестиция саласындағы тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы» ҚБ төрағасы Арман Тілеубаев ұсынған статистикалық мәліметтер бойынша 2023 жылы МЖӘ секторы кері кетіп, кәдімгідей-ақ құлдыраған. Бұған заңнаманың тұрақты болмай, үнемі түзетулер енгізілуі, шенеуніктердің МЖӘ деген не екенін білмеуі, тіпті оны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігімен алмастыру әрекеттері себеп болып отыр.

– Ең соңында бізде нәтижесі адам жылататындай ӨКМ (өнім өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) операторы немесе қандай да бір квазимемлекеттік сектор пайда болады, - деп түйіндеді Тілеубаев.

Сондай-ақ, сарапшы МЖӘ не үшін табиғи монополиялар саласында жұмыс істемейтінін, сол себепті «Тарифті инвестицияға алмастыру» бағдарламасының да неге жүзеге аспайтынын түсіндірді. Бұл салаға пайда табуға ғана емес, құрылымдардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге мүдделі кәсіпкерлер қажет.

– Біз бүгінде энергетика мен кәріз-тазарту құрылғыларын қазіргідей сын көтермейтін жағдайға жеткізген адамдарға ақша береміз, - деп атап өтті Тілеубаев. – Жалпақ тілмен айтқанда, қойды қасқырға баққызып отырмыз.

МЖӘ «КТС» ЖШС (YDA компаниясы)-нің департамент директоры Ғалымбек Мамраев әріптесін қолдады. Ол МЖӘ мәселелері бойынша жүргізіп отырған саясатын салалық мемлекеттік органдар ескеретін бірыңғай мемлекеттік орган құруды ұсынды.

– Бізде заңнама өмірлік циклға қарағанда жылдам өзгереді, - деді Ғ.Мамраев. - Жобаны бір заңнама мен ереже негізінде бастайсың, ал байқауға дейін жеткенше, олар өзгеріп кетеді.

Жиын барысында көптеген кәсіпкерлер мемлекеттің ықылассыздық танытуынан сәтсіз жүзеге асқан мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бірнеше мысалын келтірді. ҚХП өкілдері Үкіметтің осы мәселеге назар аударатынына сенім білдірді.

– Сындарлы да, байыпты, жан-жақты диалог болды,- деп қорытындылады іс-шараны фракция басшысы Магеррам Магеррамов. - Біз бірлескен күш-жігерімізбен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) саласындағы проблемаларды шеше аламыз деп үміттенеміз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy