Мүгедектігі бар адамдардың өмірін қиындатпай, жеңілдету қажет

Қазақстан Халық партиясы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп және қамқорлығына алып отырған отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесін қайта көтерді. Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов тақырыпты жан-жақты талдады.

Мәжілісмен мұндай отбасылар қаржылық, физикалық және психологиялық қиыншылықпен бетпе-бет келетінін атап өтті. Бұған қоса әлеуметтік қызмет алу үшін адамдар күрделі бюрократиялық тосқауылға тап болып, сергелдеңге салынатынын жеткізді.

– Жылына бір рет оңалтудан өту орындалмайтын арманға айналды. Мүгедектігі бар балаларды оңалтқысы келетін отбасылар мүмкіндікті жылдар бойы күтеді, – деді депутат.

Техникалық оңалту құралдары жылдар бойы күрделі мәселе туғызып келеді.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік ақшаны желге ұшыруды жалғастырып жатыр, – деді М. Магеррамов. – Техникалық оңалту құралдарына ақша сапа емес, сан принципі бойынша жұмсалады.

Балабақшаларда мүгедек балаларға арналған топтарда орын жетіспейді.

– Көбінесе ауыр дерті бар балалар жағдайына сай келмейтін топқа орналастырылады. Ата-аналар көзге көрініп тұрған жағдайды дәлелдеуге мәжбүр болады. Қамқоршылық құжатын рәсімдеу бірнеше айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында олар жәрдемақы алмайды, – деді М. Магеррамов.

Екінші топтағы мүгедектігі бар адам кәмелетке толғаннан кейін мүгедектігі жойылып, күтімді қажет етпейтін адамдардың санатына қосылатын сияқты болуына байланысты үкімет ата-аналарына немесе қамқоршыларына күтім бойынша жәрдемақы төлеуді тоқтатады.

– Қолданыстағы осы тәжірибені қайта қарау қажет деп санаймыз, – деді депутат.

Фракция мүшелері қамқорлығында баласы немесе мүгедектігі бар отбасының кәмелетке толған мүшесі бар ата-ананың зейнетке шығу жасын төмендету қажет деп санайды.

– Мәселенің маңыздылығын мойындай отырып, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар туыстарының қамқорлығындағы отбасыларға қатысты мемлекеттік саясаттың тәсілін түбегейлі өзгертуді ұсынамыз, – деді М. Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy