Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтерге мемлекет бөлетін ақша жергілікті жерлерде ұрланып жатыр. Жақында Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бюджеттен бөлінген 50 миллион теңгеден астам қаржының ысырап болғанын анықтады.
Қаржы жымқыру фактілері автомобиль көлігімен тасымалдау (инватакси) бойынша МБА-ға қызмет көрсетуді тексеру барысында анықталды. Жеткізуші жалған актілер толтырып, жұмыс сағаттарын қосып жазып, тасымалданған қызмет алушылардың санын арттырған. Материал БҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжанның пікірінше, мұндай заң бұзушылықтарды еліміздің кез келген өңірінен оңай табуға болады. Астанадан да, Алматыдан да, басқа қалалар мен облыстардан да.
– Әрине, құқық қорғау органдары осымен айналысуы тиіс, - деп атап өтті депутат. - Біздің партия бұл мәселелерді бірнеше рет көтерген болатын.
Мүгедектігі бар адамдардың (МБА) үстінен шенеуніктер де, мердігерлер де, ерекше мұқтаждықтары бар адамдар үшін құрылған ұйымдардың басшылары да пайда табады.
– Көзі көрмейтін, естімейтін, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қажет етеді, - дейді К.Сейтжан. - Бірақ бұнымен ешкім айналыспайды. Бұл факт айсбергтің көзге көрінген беті ғана. Ал егер алаяқтық схемаларды тереңірек зерттеп, қарайтын болсақ, онда миллиардтаған ақшалардың ұрланып жатқанына көз жеткізуге болады.
Бұған дейін Кенжеғұл Сейтжан Үкіметке осы мәселеге байланысты депутаттық сауал жолдаған болатын.
«Қазақстанда мүгедектігі бар тұлғаларды қолдау және әлеуметтік қорғау жүйесі қайта қарауды талап ететінін шынайы мойындау керек», - делінген болатын депутаттық сауалда.- Ол бюджет қаржысын жымқыру үшін қолайлы алаң болып отыр. Нәтижесінде, мемлекет ерекше мұқтаждықтары бар адамдарды қолдау үшін көп ақша бөледі, бірақ бұл ресурстар тиісті жеріне жетпейді, делдалдар мен сатып алушылардың жемсауында жоғалады. Жеке көмекшілерге ақы төлеуде, инватакси қызметін көрсетуде, жалақы төлеуде, оңалту құралдарын сатып алуда «қаржыны үнемдейміз "дейді, ал шынтуайтында, мүгедектігі бар адамдарды алдауда.»