Мәжілісті тарату: ел игілігі үшін оңтайлы шешім

Қазақстанда саяси жаңғыру қарқынды жүргізілуде. ҚР Конституциясына түзетулер енгізіліп, ол жалпыұлттық референдумда қабылданды. Президент сайлауы өтіп, Мемлекет басшысы жеті жыл елге мүлтіксіз қызмет ететін болды. Парламент Мәжілісі таратылды. Алда жаңа сайлау науқаны.

Мәжілістің таратылуына осыған дейінгі саяси реформалар негіз болды. Әлбетте, бұрынғы Парламентпен жаңа, әділетті Қазақстан құру қисынсыз.

– Барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақмерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек, – деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. – Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды.

Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы биліктің заң шығарушы тармағын толыққанды жаңарту үшін түрлі өзгерістер енгізді. Алдымен «билік партиясы» ұғымын жоюға қадам жасалды. Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев ашық әрі жария түрде партия қатарынан шықты. Сонымен қатар сайлау науқанында әкімшілік ресурстарды пайдалану арқылы үстемдік жасамау үшін мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалар да партиядан алшақтады.

Енді саяси бәсекелестердің құқығы тең, әділетті сайлауда жеңіске жетуге мүмкіндігі зор. Сайлау жүйесінің өзі реформаланып, аралас, пропорционалды-мажоритарлық сипатқа ие болды және оған тек партия кандидаттары ғана емес, өзін-өзі ұсынушылар да кірді. Қоғамдық бірлестіктерді әділет органдарында тіркеу рәсімдері жеңілдетілді, пайыздық сайлау кедергісі төмендетілді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда көпқырлы көзқарасы бар жаңа әрі жас қоғам қалыптасты. Тәжірибе көрсеткендей, азаматтар бұрынғыдай саясаттың объектісі емес, субъектісі болғысы келеді. Қазақстанның саяси алаңы елеулі өзгеріске ұшырады: бірқатар партиялар ребрендингтен өтті, жаңа көшбасшылар бастаған жаңа саяси күштер күреске кірісті.

Яғни биліктің заң шығарушы тармағы түбегейлі жаңғыртылып, азаматтардың мүддесін сөзбен емес, іспен білдіретін депутаттар құрамын сайлау үшін барлық жағдай жасалды.

Қазақстан Халық партиясы президенттік реформаларды толық қолдайды. Олар біздің идеологиямызбен және негізгі құндылықтарымызбен – халық билігінің қағидаттарымен үндес. Негізгі мақсат экономика мен саясаттағы монополия және фаворитизмді жоюға бағытталған. ҚХП бірнеше жылдан бері парламенттік партия ретінде қызмет етіп келеді.

Біз алдағы бәсекелестіктен қорықпаймыз. Біздің партия еркін және адал сайлауды жақтайды. Біз – Халық партиясымыз және халықтың таңдауын құптауға дайынбыз.

Тек осылай ғана толық жаңарудан өтіп, Қазақстанда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптастырамыз. Қоғам өз пікірін алаңдардағы шерулерде емес, Парламентте білдірсін! Саяси плюрализм – кез-келген дамыған мемлекет үшін табиғи жағдай.

Мәжілісті тарату және жаңарту мемлекеттік институттарды ширатудың аралық кезеңдерінің бірі ғана екенін еске салғым келеді. Парламент сайлауынан соң Үкімет қалыптаса бастайды. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында атап өткендей, болашақта атқарушы биліктің құрамына сайлаушылардың көпшілік дауысын алған саяси күштер ғана емес, басқа да парламенттік партиялардың өкілдері кіре алады. Осы жерде саяси доминант-мастодонттардың монополиясы құрдымға кетеді. Тоқаевтың негізгі формуласы: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» ақиқатқа айналып келеді. Ендігі таңдау біздің сайлаушылардың еншісінде!

Н.К. САЙФУЛЛИН

Қазақстан Халық партиясының төрағасының орынбасары


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy