ҚХП «Естімейтін» шенеуніктерге қарсы

ҚХП «Естімейтін» шенеуніктерге қарсы

Қазақстан Халық партиясы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа есту аппаратын, көзілдірік және валидол жіберді. Бұған дейін осындай жинақ ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге жолданды.

ҚХП мұндай заттардың жиынтығын халықтың үнін естімейтін барлық шенеуніктерге жіберуді жоспарлап отыр.

– Партияға Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарынан арыз-шағым түсіп жатыр. Мұнда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтардың мәселесі өзекті болып тұр, – деді партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша қоныс аударуға қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан, мигранттар жергілікті жерде қиындыққа тап болуда. Оларға жұмыс орындары жетіспейді, ал бюджет есебінен салынған үйлер тұруға жарамсыз.

Бұдан бөлек өңірдегі Обухов тау-кен байыту комбинатында қиын жағдай қалыптасып отыр. ТМД стандарттары бойынша бірегей саналатын кәсіпорынға банкрот болу қаупі төніп тұр. Бұла болса 5 мың қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін.

ҚХП «Естімейтін» шенеуніктерге қарсы

ҚХП басшысы барлық деңгейдегі үкімет өкілдері халықтың мұң-мұқтажына ортақтасуға тиіс екенін атап өтті.

– Мемлекет қарапайым адамдардың мәселесін естуге, көруге және шешуге тиіс, – деді Айқын Қоңыров.

Бұл үшін ҚХП «Қызыл Автобус» жобасын қайта іске қосады. Бұған дейін мобильді қоғамдық қабылдау ретінде танылған жоба аясында өңірлердегі азаматтардың шағымы қабылданады.

– Осыған дейін келіп түскен өтініштердің негізінде партияның талдау орталығы жұмыс жоспарын әзірлеп жатыр. Біз «Қызыл Автобусты» әлеуметтік мәселе ушығып тұрған өңірлерге жөнелтеміз. Біз жергілікті жердегі тұрғындармен тікелей және кері байланыс орнатамыз. Өйткені жергілікті билік оларды естімейді.

ҚХП «Естімейтін» шенеуніктерге қарсы

«Естімейтін» шенеуніктер үшін партия есту аппаратын, көзілдірік және валидол түріндегі символдық сәлемдеме әзірледі.

– Ақсақалов мырза, халықты тыңдаңыз, мәселесіне ортақтасыңыз, шешіңіз! – деді партия өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне.

ПҚХП баспасөз қызметі


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy