Онлайн-несиеге тыйым салына ма?

dep.jpg

ҚР Ұлттық банкінің басшылығы Қазақстанда онлайн несиеге толық тыйым салуға әлі ерте деп санайды. Алайда қолайлы уақыттың қашан келетінін нақтылаған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚХП парламенттік фракциясы интернет-алаяқтықпен күресудің бірден бір жолы ретінде онлайн несие беруге тайым салуды ұсынып, Ұлттық банкке депутаттық сауал жолдаған болатын. Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов елімізде киберқылмыс күннен күнге артып келе жатқанын атап өтті. Құқық қорғау органдары алаяқтықтың бұл түріне қарсы еш шара қолдана алмай отыр. Себебі, қылмыскерлердің жеке басы анықталмайды немесе күдіктінің Қазақстан юрисдикциясынан тыс жерде екені кедергі болады. Ал екінші деңгейлі банктер әдетте өздерінің қауіпсіздік жүйесін нығайтуға мүдделі емес. Өйткені, банктер көп жағдайда алаяқтықтан еш зардап шекпейді және барлық шығынды жәбірленушілер өтеуге міндетті. Ал қылмыс деңгейін онлайн-несие беруге тыйым салу арқылы төмендетуге болады.

«Банктік қызмет тетіктерін алаяқтықты жүзеге асыру құралы ретінде пайдалануды болдырмау үшін азаматтарға онлайн-несие беруге тыйым салуды ұсынамыз», - деген еді мәжілісмен.

Депутаттық сауалға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді. Ол өз хатында кибералаяқтықпен күресу үшін екінші деңгейлі банктердің қандай шаралар қолданып жатқанын баяндады. Бұл тізімге несие алатын жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіру, клиентті оның шотына ақша түскені туралы және үшінші тұлғалардың пайдасына ақша аудару кезінде алаяқтықтың ықтимал тәуекелдері туралы хабардар ету, сондай-ақ мобильді қосымшалардың қауіпсіздік талаптарын күшейту кіреді. Сондай-ақ, олар банк клиенті алдын ала несие алудан өз еркімен бас тарта алтынын және алаяқтық операцияларды анықтауға және блоктауға мүмкіндік беретін «Алаяқтыққа қарсы орталық» платформасын құрылатыны жөнінде атап өтті. Бұл шаралардың баяғыда қолға алынғанына қарамастан, киберқылмыстың өршіп бара жатқаны Ұлттық банк басшылығын алаңдатып отырған жоқ.

Ұлттық банк клениеттердің мүддесін көздеп отырғанын алға тартып, онлайн-несие беруге тиым салу әзірге жоспарда жоқ екенін жеткізді.

«...Қазір онлайн-несиеге толық тыйым салу үшін қолайсыз уақыт. Себебі, бұл азаматтар мен бизнес үшін қаржылай қызметтердің қолжетімдігіне кері әсерін тигізуі мүмкін деп есептейміз», - делінген хатта. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бұл шараны қажетті деп тануы үшін қай кез қолайлы болатыны әзірге белгісіз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy