Кооперативтерді қолдау тетіктері ұсынылды

dep.jpg

Қазақстан халық партиясының Парламенттегі фракциясы елдегі кооперативтерді дамытудың өзекті мәселелері мен келешегін талқылады. Депутаттар «Халықаралық тәжірибе: кооперативтердің орнықты дамудағы рөлі және оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

БҰҰ 2025 жылды «Кооперативтер жылы» деп жариялаған болатын. Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл шешім кооперативтердің экономикалық тұрақтылықты нығайту, жұмыспен қамтуды кеңейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру құралы ретіндегі маңызын мойындау. Бүгінде кооперативтік қозғалыс әлемнің 100-ден астам елінде 800 миллионға жуық адамды біріктіріп отыр. Олар 100 миллионнан астам жұмыс орнын құрған.

– Қазақстанда кооперативтік сектордың әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Бүгінгі шара кооперативтерді дамытудың жаңа кезеңін бастайды деп сенеміз, – деді депутат.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің агроөнеркәсіптік кешендегі және ауылдық аумақтарды дамытудағы рөлі, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин баяндады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтері өндіріс, қайта өңдеу, өнімді өткізу мен сақтау, өндіріс құралдарымен қамтамасыз ету және сервистік қызмет көрсету сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Алайда бұл салада фермерлер мен шағын өндірушілердің кооперативтерге аз тартылуы, өткізу мен логистиканың әлсіз инфрақұрылымы, ішкі бақылау мен аудит жүйесінің орнықпағаны сынды бірқатар мәселелер бар. Бұл жайттар басқару тиімділігі мен ашықтығын төмендетеді.

– Кооперация ауыл тұрғындарының табысын арттырудың, оларды жұмыспен қамтудың, кедейлікті азайтудың және жергілікті экономиканы дамытудың маңызды тетігіне айнала алады, – деді вице-министр.

Қаржы мониторингі агенттігінің тергеу департаментінің басшысы Кенесары Бағбанұлы кооперативтерді қаржы пирамидасынан ажыратудың жолдарын түсіндіріп, алаяқтардың құрбаны болмауға шақырды. Ол 2022 жылдан бері тұтыну кооперативі деген атпен әрекет еткен 12 қаржы пирамидасы анықталғанын айтты. Олардың қатарында «Елімай-2019», «Amanat home», «Asar Baspana», «Buyers Union» және басқалары бар. Жалпы келтірілген шығын – шамамен 26 млрд теңге, зардап шеккен азаматтар саны – 100 мыңға жуық. 8 қылмыстық іс бойынша 10 ұйымдастырушыға сот үкімі шыққан. Агенттік қаржы пирамидасы саналатын схемалармен күреске бағытталған бірқатар заңнамалық ұсыныстар әзірлеп, Парламентке ұсынбақ.

– Қаржы пирамидасын кооператив түрінде бүркемелейтін заңсыз схемаларды жоюға бағытталған заң жобаларын қолдауды сұраймыз. Бұл азаматтардың құқықтарын сенімді қорғап, шынайы кооперативтік үлгілерді дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді Кенесары Бағбанұлы.

Дөңгелек үстел аясында тұтыну кооперативтері, үлестік қауымдастықтар және кооперативтік ұйымдардың басқа да түрлері жөнінде бірқатар мәселелер қозғалды. Онлайн режимде халықаралық сарапшылар да пікір білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy