Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары жаңа Құрылыс Кодексінің жобасын сынға алды. Бұл құжатты жақында Мәжілісте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі таныстырды. Заң жобасы 205 баптан тұрады және қолданыстағы үш заңның ережелерін қамтиды. Сонымен қатар, 13 заңға және 4 Кодекске өзгерістер енгізіледі.
Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласындағы ең өзекті проблема тиімді реттеудің жоқтығы екенін атап өтіп, осы мәселе бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Салалық ведомствоның вице-министрі Тимур Қарағойшин атап өткендей, жаңа нормалар құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
– Шұғыл әрекет ету шарасы енгізілуде, - деді ол. - Бұл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау (МСҚБ) органдарына анықталған заң бұзушылықтарға уақытылы ден қоюға мүмкіндік беретін бақылаудың жаңа нысаны, бұл жүйе бойынша, кемшілік жойылғанға дейін құрылысты тоқтата тұру мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, мемлекеттің жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстарын жоспарлы инспекциялау мүмкіндіктері енгізілетін болады. Бұл ретте МСҚБ және ТЖМ органдары салынған объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысу мүмкіндігіне ие болады. «Сейсмикалық аймақтарда жобалау мен құрылыстың ерекшеліктері» атты жаңа тарау енгізіледі. Ол құрылыс компанияларының сейсмикалық оқшаулау жүйелерін қолдануын, құрылыс алаңын таңдау кезінде сейсмикалық қауіптілікті алдын ала бағалауды және т.б. ескертеді.
Алайда, ҚХП депутаттары заң жобасын әзірлеушілер ұсынып отырған қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз деп есептейді.
– Біз Құрылыс Кодексінің жаңа жобасында өртті бақылаудың нақты нормаларын көре алмай отырмыз, - деп түсінік берді ҚХП фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов. - Біздің фракция бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, жобалық-сметалық құжат (ЖСҚ) дайындауда және адамдар көп шоғырланатын ғимараттарды пайдалануға қабылдауда мемлекеттік өртке қарсы қызмет өкілдерінің міндетті түрде қатысуы қажеттігі туралы мәлімдеген болатын. Бұл нормаларды біз дайындадық және біз олардың енгізілуін талап етеміз.