Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысу пышақтың өткір жүзінде жүргенмен тең. Мұндай пікір Халық партиясының әлеуметтік парақшасында өтетін хабарда айтылды. Тікелей эфирдегі «Халық микрофоны» жобасы еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік саласын қамтыды.
Студия қонақтары: ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Сәкен Арапбаев пен қалалық мәслихатқа кандидат Азамат Әбдірахманов.
Талқылау барысында спикерлер еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлер өз әлінше әрекет етіп келетінін ашық айтты. Айталық, небәрі 94 тиын берешегі бар адамның (нақты жағдай!) шоттарын бұғаттайтын салық органдары кәсіпкерлерді қыспаққа алуда.
Мемлекет тарапынан оларды қолдайтын жобалар өте аз. Болғанның өзінде нәтижелі жұмыс істеуге қауқарсыз. Кәсіпкерлерге беретін несиенің өзі тым жоғарғы пайызды құрайды. Ал әкімшілік және бюрократтық кедергілер онсыз да тұралаған шаруаның аяғын тұсап отыр.
Спикер А.Әбдірахманов түсінікті болу үшін «ДАМУ» қорынан субсидия алу тәртібін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл жоба күрделі әрі түсініксіз, тіпті тиімсіз.
– «ДАМУ»-да мемлекеттің қаржысы жатыр, – деді ол. – Ал енді бұл қаражат кәсіпкерге жете ме, жоқ па, ол сұрақ ашық қалып отыр.
Мемлекет шағын және орта кәсіпке жан-жақты қолдау танытса, онда еліміздің экономикасы серпінді дамиды. Өз кезегінде Сәкен Әріпбаев Халық партиясының осы мәселеге қатысты бастамаларын атап өтті. Бұл бастамалар ҚХП сайлауалды бағдарламасына енген.
– ҚХП – халықтық капитализм үшін, – деді Әріпбаев. – Біз қуатты орта таптың қалыптасуын жақтаймыз. Біз елдің тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуын, жаңа өнімдер мен қызметтерді ілгерілететін шағын және орта бизнесті қолдаймыз!
Халық партиясы ел аумағында өз азаматтарымыз өндірген тауарлардан, көрсеткен қызметтерден қосымша құн салығын (ҚҚС) алып тастауды және айналымға 5% мөлшерінде бірыңғай салық енгізуді қолдайды. ҚҚС жою тарифтер мен жергілікті өндірілген тауарлардың бағасын төмендетеді. Демек, бұл «made in Kazakhstan» өнімдері арзанырақ, сатып алушыға қолжетімді және қолайлы болады дегенді білдіреді.
ҚХП отандық тауар өндірушілер қаржы мен қауіпсіздік мәселесін стратегиялық тұрғыда қарастырып отыр. Жалпы, бәсекеге қабілетті өндірушілер ғана барлық қиындыққа шыдап, елді қажетті тауармен қамтамасыз ете алады.