Қазақстанда медицина кадрларын даярлау ісі көңіл көншітпейді. Дәрігер-оқытушылар практикалық медицинаға ауысып жатыр. Қазақстан Халық партиясы Үкімет шара қабылдамаса, дәрігерлердің жаңа буынын оқытатын маман тапшылығы пайда болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Медициналық білім беру мәселесін ҚХП депутаты Ислам Сұңқар көтерді. Ол соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысы жоспарлы түрде ұлғайтылғанын, бірақ жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының жалақысы өспегенін жеткізді. Оның айтуынша, салдарынан білікті оқытушылар практикалық медицинаға ауыса бастаған.
Барлық медицина студенттерінің 70%-дан астамы оқитын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриат грантының құны соңғы рет 2021 жылы қайта қаралды және 1 001 мың теңгені құрады. Себебі бір білім алушыға берілетін білімнің өзіндік құны 2 млн теңгені құрайды. Үшінші және одан жоғары оқу жылының студенттері гранттарының құны 7 жылдан астам уақыт бойы қайта қаралмады. Қазір ол 609 мың теңгені құрайды. Бізде заңгерлер мен экономистерді даярлауға ақша аямайды. Бір білім алушыға республикалық бюджеттен 714 900-дан 922 500 теңгеге дейін грант бөлінеді.
– Дәрігерді оқыту заңгерді немесе экономисті оқытқанға қарағанда әлдеқайда қымбат, – деді И.Сұңқар. – Оқу сыныптары мен әдебиеттерден бөлек теориялық және практикалық дағдыларды дамыту үшін ғылыми, клиникалық және фармацевтикалық зертханалар, клиникалық базалар, қымбат модельдеу, медициналық жабдықтар қажет.
Қазақстан Халық партиясы Үкіметке медицина мамандарын бакалавриатта, интернатурада, магистратурада, резидентурада және докторантурада оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін грант санын ұлғайтуға басымдық беру бойынша шара қабылдауды ұсынды. Өйткені медицина мамандарын даярлаудан үнемдегендер зират салуға мәжбүр болады.