Отандық спортты қалай «таза» әрі әділ етуге болады? Осы және басқа да мәселелер жөнінде ҚХП парламенттік фракциясы «Кәсіби спорттың өзекті мәселелері: этика және адал ойын. «Спорттағы сыбайлас жемқорлықпен күрес» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов атап өткендей, сыбайлас жемқорлық – бүкіл қоғам үшін күрделі сынақ және ол спорт саласында да тамырын жайған мәселе.
«Кәсіпқой спорт баяғыда-ақ дене шынықтырумен айналысу шеңберінен шығып кетті. Бұл тек спортшыларды ғана емес, өкінішке қарай, түрлі құйтырқылық арқылы ақша жымқырып, пайда табуды көздейтіндер жиналған салаға айналды», - деді депутат.
Отандық спорттың тағы бір «дерті» – елімізде шетелдік легионерлердің көбеюі. Егер бюджет қаржысы жаппай кәсіби мамандардың қызметіне ақы төлеуге ғана емес, қазақстандық дарынды жастарды іздестіру мен оқытуға да жұмсалатын болса, мұның еш айыбы болмас еді. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мемлекет осы теңсіздікті қалпына келтіруге ниетті екенін айтты. Атап айтқанда, бұл мәселені заңнама арқылы реттеу көзделіп отыр. Қазір Парламент дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасын әзірлеуде.
«Депутаттар Қазақстан Республикасының азаматы болып саналмайтын спортшыларға бюджеттен қаражат бөлуді шектеу туралы бастаманы айтқан болатын. Және ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапты», - деп атап өтті Жарасбаев.
Балалар мен жасөспірімдер спортына бөлінетін қаржы да қайта қаралып, оны сметалық жүйеден жан басына шағу арқылы бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар спорт мектептеріндегі құрал-жабдықтар жаңартылып, жас буынның бұқаралық спорт шараларына қатысуына барынша жағдай жасалмақ.
Допинг, матчтың нәтижелерін қолдан жасау, төрешілерді сатып алу сияқты т.б. заңсыз әрекеттер салдарынан отандық спортқа деген сенім жоғалады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің профилактикалық қызметтің аса маңызды істер бойынша офицері, подполковник Нұрмұхаммед Тәжіғұлов отандық чемпиондардың намысын қорғау үшін мемлекет қандай шара қолдана алатыны жөнінде сұрады.
Әзірге бұл саладағы жағдай өте нашар. Егер жемқорлық бойынша чемпионат болса, жүлделі орын алатын едік. WADA мәліметінше, Қазақстан допинг қолдану бойынша анти-көшбасшылардың алғашқы үштігіне кіреді және «Sportradar» аналитикалық компаниясының келісілген матчтар бойынша антирейтингінің алғашқы ондығына кіреді. Спортты қаржыландыру жүйесінде қаржы жымқыру мен пара алу терең белең алған. Биылдың өзінде осындай 58 факті анықталды.
«Бірнеше ірі спорттық инфрақұрылымдық жобалар тиімсіз шаралар мен сыбайлас жемқорлықтың символына айналды. Халықаралық жарыстарға қатысатын спортшыларды іріктеу де ашық өтпейді», - деді Тәжіғұлов.
Аталған мәселелерді шешу үшін Антикор цифрландыру жүйесін қолдана отырып, нақты критерийлері мен мақсаттар арқылы қаражатты бөлудің ашық және бәсекеге қабілетті процестерін енгізуді, бөлінген қаржының пайдаланылуын және жобалардың жүзеге асырылуын бақылау үшін тәуелсіз бақылау органдарын құруды, жаттықтырушылық жұмысқа ақша салуды және отандық спорттық инфрақұрылымды құруды, сондай-ақ спорттық ұйымдарда басқару жүйесін жақсартуды ұсынды. Айтылғандардың бәрі дөңгелек үстелдің қорытынды ұсыныстарына енгізілді.