Отандық ғылымды қаржыландыруға қалай қол жеткізуге болады?

dep.jpg Отандық ғылымның дамуына бюрократия кедергі келтіреді. Отандық ғалымдар осылай дейді. Гранттық қаржыландыруға жауапты Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл пікірмен келіспейді. Мәселе Қазақстан Халық партиясының кеңсесінде өткен онлайн кездесуде талқыланды.

«Торайғыров университеті» КЕАҚ ғалымдары аккумуляторларды кәдеге жарату технологиясын әзірлеумен айналысады. Ғалымдарға зерттеуді жалғастыру үшін қосымша жабдық сатып алу қажет болған. Жоба жетекшісі, профессор Руслан Сапинов бастаған ғалымдар Ұлттық ғылыми кеңеске гранттық қаржыландыруға екі рет өтініш берген. Бірінші жоба қабылданбаған. Екінші жоба шетелдік сарапшылардың жоғары бағалағанына қарамастан, грантсыз қалған.

– Біздің жобаның ғылыми ғана емес, коммерциялық, қолданбалы сипаты да бар еді, – деп атап өтті профессор. – Қазақстанда бұл мәселемен іс жүзінде ешкім айналыспайды. Алайда аккумуляторларды кәдеге жарату біздің елде ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Біздің жобаларымыз неге қаржыландырылмады? Бұл сұраққа жауап ала алмадық.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосынов байқауда жоғары ұпай жинаған жоба жеңіске жеткенін жариялап, жоғарыдағы жоба рейтинг бойынша 65 жобаның ішінде 51-ші орынға ие болғанын, ал грант алғашқы 37 жобаға ғана тағайындалатынын түсіндірді.

– Қатысушылар бұл өтінімдерге грант тағайындау емес, байқау екенін түсінуге тиіс, – деп атап өтті А. Бибосынов. – Байқау нәтижесінде көп ұпай жинағандар тізімнің алдында тұрады. Тақырыптың өзектілігіне де ерекше назар аударылады.

Төрағаның орынбасары ереженің талабы қатаң екенін, оны қалыптастыру кезінде әзірлеушілер әлдекімдердің мүддесін қорғамау үшін байқауға сыртқы факторлардың әсерін барынша азайтуға тырысқанын айтты.

– Байқау жыл сайын өткізіледі, – деді ол. – Қатысушы жыл сайын қайта-қайта өтініш бере алады. Статистика бойынша 4-5-ші ретте жобаларға оң баға беріліп жатады.

Мәжіліс депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Кенжеғұл Сейітжан мәселе шенеуніктердің ғылымға немқұрайлық танытуынан туындап жатқанын мәлімдеді. Ол кейбір шенеуніктер техникалық қоқыс экологияға қандай зиян келтіріп жатқанынан бейхабар дегенді алға тартты.

– Мұндай жобаларды қолдау қажет! – деді К.Сейітжан. – Президент ғылыми әлеуетімізді пайдалануымыз керек дегенді айтты. Егер, біз оны қолданбасақ, онда бізге Ғылым және жоғары білім министрлігі не үшін қажет?

Мәжілісмен мәселені бақылауға алып, Экология және табиғи ресурстар министрлігін тартатынын жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy