Отандық банктер мүгедектігі бар адамдардың құқығын шектеп отыр

Отандық банктер қаржылық қызмет көрсету кезінде мүмкіндігі шектеулі клиенттерді кемсітуге жол береді. Өзекті мәселені Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейітжан көтерді.

Елімізде 700 мыңнан астам адам тұрады, олардың 400 мыңнан астамы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Мүгедектігі бар адамдарда пластикалық карта бар, олар осы арқылы аударым, төлем жасайды, жәрдемақы алады. Яғни қарапайым азаматтар сияқты банк қызметіне жүгінеді.

– Мүгедектігі бар адамдар үнемі қаржылық кемсітушілікке тап болады, – деді мәжілісмен. – Олар қаржы ұйымдарының қызметін өзгелермен бірдей пайдалана алмайды.

Банкте мүгедектігі бар адамдар түрлі кедергімен бетпе-бет келеді. Ғимараттарда пандус пен көтергіш жоқ, ал кассалардың терезелері арбадағы адам үшін тым биік. Мобильді қосымшалар мен банкоматтар зағип және нашар көретін адамдарға арналған технологиямен, ал банк карталары брайльмен жасалған тактильді сәйкестендіру белгісімен жабдықталмаған.

Банк қызметкерлерінің мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсету дағдысы жоқ, атап айтқанда сурдоаударма мамандары тапшы. Банктердің статистикасында «Мүгедектігі бар кәсіпкер», «Мүгедектігі бар несие алушы» немесе «Мүгедектігі бар адамдардың қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігі» деген санат мүлдем жоқ.

– Мүгедектігі бар адамдардың қаржылық қызметке қол жеткізуі табиғи құқық болып табылады және ол тең дәрежеде қамтамасыз етілуі тиіс, – деді мәжілісмен. – Бұлай болмаса, мүгедек адамдардың құқығы шектеліп, олар кемсітіліп жатыр деп санауға болады.

Бір кездері Қ.Иманалиев атындағы мүгедектердің құқығы жөніндегі комиссия құқық қорғаушы Вениамин Алаевтың басшылығымен «Қаржылық инклюзия» деген жобаға бастама болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жанынан мүгедек азаматтар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тобы құрылды. Ол бірқатар ұсыным әзірледі, алайда отандық банктер оны назарға алмады.

Мүгедектігі бар адамдар банктерді сотта жеңген кезде де жағдай өзгерген жоқ.

Халық партиясы мүгедектігі бар адамдарды банк қызметімен дұрыс қамтамасыз ету үшін бірқатар шара ұсынды. Атап айтқанда, ерекше санаттағы азаматтар үшін қаржы қызметін көрсету бойынша арнайы стандарттарды заңнамалық деңгейде бекіту және мүгедектігі бар адамдардың төлем қабілетін бағалау бойынша жаңа өлшем енгізу. Осылайша азаматтардың дәл осы санатына несие беруді жолға қоюға жағдай жасау. Бұған қоса БЖЗҚ қаражатын пайдалана отырып, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қаржы өнімін әзірлеу және енгізу, сондай-ақ банктерді азаматтардың осал санатын алаяқтардың әрекетінен қорғауға бағытталған «екінші қол» қызметтін іске асыруға міндеттеу.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy