Оқушыларымыздың білім алуына не кедергі?

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы "Еліміздегі білім сапасы. Тәуекелдер, кедергілер, шешу жолдары " атты тақырыпта алқалы жиын өткізді. Шараға қатысушылар қазақстандықтардың сауаттылық деңгейін арттыру үшін не істеу керектігін талқылады.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова атап өткендей, қазір республикада оқушыларды даярлауға барлық алғышарттар бар. Оқу бағдарламасы жаңартылған, мектеп салу да үздіксіз жүргізілуде, педагогтарды оқыту және аттестаттау жүйесі жақсартылуда. Алайда, отандық және халықаралық рейтингтердің нәтижелеріне қарасақ, барлық реформаларға қарамастан, нәтиже әлі де мәз емес.

– Өкінішке қарай, Қазақстан сәтсіз реформалардың құрбаны болған білім беру жүйесін алды, - деп атап өтті бұған дейін депутат Смирнова.

Жағдайды жақсарту үшін не қажет және не жасалып жатыр? ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов атап өткендей, ең алдымен неге қол жеткізу керектігін түсіну керек.

– Сарапшылар қауымдастығы елімізде білім беру сапасын бағалау жүйесі жоқ деген пікірлерді айтады, - деп нақтылады ол. - Қандай да бір дәрежеде бұл біздің кінәміз, барлық құралдарды бірыңғай жүйеге немесе регламенттеуші құжатқа біріктіру мәселесі пысықталған жоқ.

Дәуенов Білім сарапшылары лигасының еліміздегі барлық құралдарды жүйелеу қажет деген ұсынысымен келісті. Комитет депутаттармен, сарапшылармен және жұртшылық өкілдерімен бірге болашақта осымен айналысуға ниетті. Қазақстандық педагогтарды оқыту туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтып берді.

– Педагогикалық бағыт бойынша білім беру бағдарламалары 100% жаңартылды, - деп хабарлады вице-министр. - Сонымен қатар, бүгінгі таңда педагогикалық бағыттың тартымдылығын арттыру үшін студенттерге стипендия ұлғайтылды.

Оның айтуынша, қазір республикада 49 ЖОО-да педагогтар дайындалады. Талапкерлердің сапасын жақсарту мақсатында педагогикалық мамандыққа түсу үшін шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Бүгінгі таңда педагогикалық бағыттағы орташа балл - 109.

Алқалы жиынға қатысушылар отандық білім беру сапасын арттыруға кедергі келтіретін бірқатар мәселелерді талқылады. Іс-шараның қорытындысы бойынша құзыретті органдарға ұсыныстар мен ұсынымдар жіберілді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy