Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар Отбасы банкінің аралық қарыз беру туралы жаңа шарттарын өзгерту қажет деп есептейді. Банк бұл өзгерісті 2024 жылдың 15 ақпанынан бастап енгізген болатын. Депутаттың пікірінше, бұл жаңа шарттар банктің өз клиенттерімен арадағы қаржылық операциялардың адалдығы, әділдігі және ашықтығы туралы терең ойланатын жағдайға жетелейді.
– Несие беру шарттары бойынша, клиент бірден тұрғын үй құнының 50% -ын әкелетініне немесе оның депозитте жинақталғанына қарамастан, банк сыйақысы кредит сомасының 100% -ына есептеледі, - деп нақтылады мәжілісмен. – Осы орайда, «азаматтарға өз ақшаларын қарызға, тіпті пайыздық үстемемен беру қаншалықты әділетті?» деген сауал туындайды.
Мәжіліс депутаты И.Сұңқар сондай-ақ, Отбасы банк меншікті капиталдың пайдасын ұлғайту бойынша қазақстандық ірі банктер арасында көш бастап тұрғанына қарамастан (2023 жылы өсім 107,5 млрд теңге болған), бұл пайданың салымшылар табысына әсер етпейтініне алаңдаушылық білдірді. Осылайша, «Ең соңында кім ұтады? Банк пе, әлде Қазақстан азаматтары ма?» деген заңды сұрақ туындайды:
– Банктің клиенттер ақшасын төмен мөлшерлемемен пайдалана отырып, миллиардтаған ақша пайда табуы және оны клиентке бермей өз қалауы бойынша пайдалануы барып тұрған әділетсіз деп есептейміз, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
ҚХП парламенттік фракциясы банк сыйақысын кредит сомасының 100%-на есептеуді алып тастауды ұсынады. Сондай-ақ ислам ипотекасын беретін банктерге тұрғын үй қарыздарын беруге қатысу мәселесін шешу, өйткені, ол шын мәнінде кейіннен сатып алу құқығымен жалға беруді көздейді. Сонымен қатар, парламенттік фракция елде реттеудің нақты ережелері бар кредиттік және тұрғын үй-жинақтау кооперативтерін құру мүмкіндігін қарастыру мәселесін де көтерді.