ҚХП парламенттік фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты К.Сейітжан еліміздегі параспорттың проблемалары жайлы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын.
Жуырда «Атамекен бизнес» телеарнасы өзінің «Басты тақырып» бағдарламасының арнайы шығарылымында осы тақырыпты көтеріп, Мәжіліс депутатын студия қонағы етіп шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) IV Пара Азия ойындары өткен болатын. Оған әлемнің 45 елінен 3800-ге жуық параспортшы қатысты. Осы Ойындарда Қазақстан құрамасы командалық есепте 11-орынды иеленді. Құрама қоржынында - 41 медаль: 8 алтын, 12 күміс және 21 қола. Бұл қазақстандық паралимпиадашылардың Азиада тарихындағы үздік нәтижесі. Дей тұрғанмен, «егерде біздің спортшыларымыздың сенімді жабдықтары, қажетті құрал-саймандары түгел болып, дер кезінде жаттығу жасауға толық мүмкіндіктері бар болғанда, медальдар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді» дейді сала мамандары.
– Параспорттағы ең басты проблема – қаржының жетімсіздігі, -дейді депутат К.Сейітжан. – Мәселен, соңғы бес жылда мүгедектігі бар азаматтардың спортпен айналысуы үшін 7,8 млрлд теңге бөлінген. Ал енді мүгедектігі жоқ азаматтар үшін 360 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Айырмасы 45 есе! Ал енді спорттағы нәтижеге келетін болсақ, жоғарыда айтылған байрақты бәсекеге өз қаражатымен дайындалып, демеушілердің қаржылай қолдауымен қатысып отырған параспортшылар 13-орыннан 11-орынға көтерілсе, ал мемлекет қаржысының арқасында ешқандай қиындық көрмеген спортшылар алдыңғы 9-орыннан төмен сырғып, 11-орынға тұрақтады. Яғни, біздің параспортшылар мемлекеттен ешқандай қолдау жасалмағанына қарамастан, спортқа жауапты түлғалардың толық әрекетсіздігіне қарамастан жеңіске жетіп жүр, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр!
Жалпы алғанда, еліміздегі параспорттың жағдайы шынында да мәз емес екені ащы шындық болып отыр. Мәселен, қазақстандық паратеннисшілер Азиадаға қатысу үшін құрал-саймандарды жалға алуға мәжбүр болған. Парахоккейлік командаға мемлекеттен бір тиын да бөлінбейді, тек демеушілік қаражат есебінен ғана жұмыс істейді.
Осы орайда, «Рио-2016» паралимпиада ойындарының алтын медаль иегері Зүлфия Габидуллинаның аталған мәселеге қатысты пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Бізде параспорт жоқ емес, бар. Бірақ ол паралимпиада деңгейінде емес. Бұл жолда атқарылуы тиіс жұмыстар жеткілікті. Сонымен қатар, параспортты жалпы бұқара арасында кеңінен насихаттаса дұрыс болар еді. Қазақстандағы параспорт көбінесе демеушіліктің арқасында жүзеге асырылуда. Осы тұрғыда мемлекет тиісті шараларды қабылдап, көңіл бөлсе деген тілегіміз бар».
Қазақстанда параспортты қолға алған Ұлттық паралимпиада комитетінен бөлек, тағы 2-3 спорттық федерация бар. Олар белсенді жұмыс жасауда. Алайда, олардың жұмыстары көзге көрінбейді, себебі аталған федерациялар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде аккредитациядан өтпеген. Сондықтан олар мемлекеттен қаржы не басқа да қажеттіліктерді талап ете алмайды. Олар жұмыстарын демеушілердің көмегімен жүргізуде.