Партия ықпалды Парламентті қолдайды

Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Маңғыстау облысында сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Шара шеңберінде «Қаражанбасмұнай» АҚ мен Достық үйіне барды.

ҚХП сайлауалды бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы – «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген ұстаныммен ұштасады.

– Партия қоғамды алаңдататын атышулы істерді тергеуге құқығы бар ықпалды Парламентті жақтайды. Республикалық бюджеттің атқарылуын тексеру өкілеттігі бар Аудиторлық палата Мәжіліс құрамында болуы керек деп санайды. Бақылау функциясы сенімді ақпаратты қалпына келтіру үшін қажет, – деді А.Асылбеков.

Қоғамда халық билігі салтанат құруы тиіс. Әкімдер мен судьяларды халық сайлауы керек.

Жиын барысында кандидатқа көпбалалы отбасылардың, жастардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылды.

А. Асылбековтің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау керек, өйткені бұл процес бюрократияланып кеткен. Атаулы әлеуметтік көмекті балаларға тағайындалатын жәрдемақымен алмастыру қажет. Бұл ретте жәрдемақының мөлшерін ұлғайту өзекті әрі маңызды. Себебі қазір балаларға тағайындалатын жәрдемақының мөлшері небары 13 мың теңгені құрайды. Мемлекет жастарды жалдамалы пәтерде тентіретпей, тұрғын үймен қамтуы тиіс. Бұл үшін жастарға төмен пайызбен ипотекалық несие беретін тұрғын үй бағдарламасын қабылдау қажет.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy