Қазақстан Халық партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Ұлттық ұлан академиясының Ардагерлер кеңесімен, С. Мұқанов атындағы әмбебап ғылыми кітапхана ұжымымен және № 14 орта мектептің әкімшілігімен бірлесіп, «Балалар мен жастарға патриоттық тәрбие беру: жаңа тәсілдер мен перспективалар» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
«Патриотизмді әркім өзінше қабылдайды. Бірақ әрқайсымыз өз Отанымызға, халқымызға деген адалдық пен сүйіспеншілік және оны қорғауға деген ұмтылыс туралы айтып отырғанымызды түсінеміз», – деп санайды ҚХП филиалының төрағасы Сергей Мартемьянов.
Қатысушылар мемлекеттік, қоғамдық және ардагерлер ұйымдарының өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі рөлі мен әскери-патриоттық клубтардың жалпы білім беру мекемелеріндегі жұмыс әдістемесін талқылады.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, мектеп те бұл істен тыс қалмауы керек. Әскерге шақырылатын жастар алғашқы әскери дайындық сабағында ҚР Қарулы Күштерінде қызмет етуге дайындығын қалыптастыруы тиіс. Бұл ретте осы оқу пәні оқытушыларының рөлі зор.
Дөңгелек үстелде жастарды патриоттық тәрбиелеудің жаңа форматтары мен әдістері талданды.
«Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – елдің тұрақты дамуының кепілі. Мемлекет патриоттық тәрбие жүйесін қамтамасыз ететін негізгі институт болуы керек. Бұл іске қоғам қатысуы қажет. Алайда жүйені ұйымдастыруды, жұмыс істетуді және бақылауды тек мемлекет қамтамасыз ете алады», – деп атап өтті С. Мартемьянов.
Дөңгелек үстел қорытындысында балалар мен жастарға патриоттық тәрбие беру бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жүйелі қызметін жандандыру ұсынылды.