Қазақстан экологиясын қоқыстан қалай қорғаймыз?

Қазақстанда қоқыс мәселесі өзекті болып тұр. Мәселе Қазақстан Халық партиясында өткен кеңесте талқыланды.

Жиынға Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Кенжеғұл Сейітжан, «JASYL» экологиялық қозғалысының президенті Мирас Байсейітов, ҚХП мәслихат депутаттары және өңірлік филиалдардың өкілдері қатысты.

Кенжеғұл Сейітжан ел аумағында жабайы және рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының саны көбейіп кеткенін және қоқыс полигондары экология мен халықтың өміріне кері әсер етіп жатқанын атап өтті.

– Бұл мәселемен қазір айналысу қажет, – деді депутат. – Әйтпесе біз түбінде қоқысқа батамыз.

Айта кетейік, мәжілісмен депутаттық сауал жолдау үшін өңірлерден мәлімет жинап жатыр.

ҚХП өңірлік филиалдарының өкілдері өз аймақтарындағы ахуал туралы баяндады. Жетісу облысының тұрғындары Талдықорған қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигонының қоршалмағанына шағымданған екен. Олардың айтуынша, жел ұшырған полиэтилен пакеттерді төрт түлік жеп жатқан көрінеді. Мәселе мәслихат деңгейінде 2 жыл бұрын көтерілген, бірақ жағдай өзгермеген.

ШҚО өкілі былтырдан бері өңірде қоқыс сұрыптау зауыты жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті, ал Қарағанды филиалының өкілі полигон салумен емес, тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысуды, сонымен қатар мал қорымдарының орнына мамандандырылған крематорий тұрғызуды ұсынды. Бұған қоса ол ірі көлемдегі қоқыс кәдеге жаратылмайтынына, өнеркәсіптік карьерлер заңсыз пайдаланатынына, полигон ұйымдастыру кезінде санитарлық-қорғау аймақтары мен басқа да стандарттар сақталмайтынына шағымданды.

«JASYL» экологиялық қозғалысының президенті М. Байсейітов кеңес қатысушыларына оңтүстік кореялық инвесторлармен ынтымақтастық орнатылған жеткізді. Өз кезегінде К. Сейітжан Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті мен Экология министрлігінің өкілдерін ынтымақтастыққа қосуды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy