Қазақстанда зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітап жетіспейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітап шығару көлемін ұлғайтуға уәде берді. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейітжан көтерді.

Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Құжат «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңға сәйкес әзірленді.

Факультативтік хаттама Қазақстан 2015 жылғы 20 ақпанда ратификациялаған БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қосымша келісім болып табылады. Хаттаманың негізгі ережелері қоғамның азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне мүгедектігі бар адамдардың қатысуын қамтамасыз етуге, мүгедектік белгісі бойынша кемсітушілікті жоюға бағытталған. Хаттамада Конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайларда жеке шағымдарды қарау тетіктері белгіленеді, бұл Қазақстан Республикасының азаматтарына өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүдделерін халықаралық қорғау құқығын қамтамасыз етеді.

Заң жобасын қолдағандардың бірі Мәжілістегі ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжан болды.

– Біз өз құқығымызды халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік алып отырмыз, – деді ол.

Көру қабілеті нашар депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновадан зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітаптар: бедерлі-тактильді Брайль және үлкейтілген қаріпі бар кітап пен аудиокітап шығару үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрады. Қазір мұндай әдебиеттер, оның ішінде қазақ тілінде жазылғандар жоқтың қасы. Бұған қоса мұндай әдебиетпен жұмыс істейтін маман тапшы. Министр бұл мәселеге тиісінше көңіл бөлінбегенін мойындады. Бірақ жақын арада жағдай жақсаратынын жеткізді. Бұған дейін мекеме негізінен ресейліктердің өнімдеріне жүгінген. Қазір бұл іске отандық мамандар жұмылдырылып жатыр.

– Ең бастысы қаржыландыру мәселесі, – деп атап өтті Т. Дүйсенова. – Осыған қатысты нормалар Әлеуметтік Кодекске енгізілді. Биылдан бастап республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.

Ратификацияланатын Хаттамада адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын шектейтін нормалар қамтылмайды. Қазақстан Республикасының Хаттамаға қосылуы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және инклюзивтілік қағидатын іске асыруға ықпал етеді.

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2) тармақшасына және 13-бабының 2-тармағына сәйкес Хаттама ратификациялануы тиіс.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытынды берді.

Алдағы уақытта жұмысқа ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдерін тарту жоспарланған.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy