Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан Нью-Йоркте өткен БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының 16 - шы сессиясында баяндама жасады. Баяндаманың мәтіні ұйымның ресми сайтында жарияланды.
Кенжеғұл Сейітжан конференция шеңберінде өткізілген дөңгелек үстелде мүгедектігі бар адамдар үшін Қазақстанда цифрлық технологиялардың қолжетімділігін тілге тиек етті. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға цифрлық технологиялар мен ақпаратқа қол жеткізу бойынша тең мүмкіндік беру үшін Қазақстанда атқарылып жатқан шараларға шолу жасады.
БҰҰ-ның жыл сайынғы рейтингіне сәйкес, Қазақстан Азияда электрондық үкіметті дамытуда көшбасшы орынға ие. 2022 жылы ҚР 28 - ші орынды жеңіп алды. Бұл тек ОА стандарттары бойынша ғана емес, бүкіл өңірдің жетістігі болды. Пандемия барысында Қазақстанның барлық мемлекеттік қызметі электронды Үкімет порталы арқылы онлайн режимінде қолжетімді болды.
– Қазіргі уақытта бұл портал мүмкіндігі шектеулі жандарға 24 әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет ұсынады, – деп атап өтті К.Сейітжан баяндамасында.
2020 жылдан бастап елде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйден шықпай-ақ көмекші құрылғыларды дербес сатып алуға мүмкіндік береді. Дегенмен бұл шаралар жеткіліксіз.
– Азаматтық қоғам тарапынан барлық мемлекеттік электрондық қызметтер мен коммерциялық өнімдерді мүгедектігі бар адамдардың қажеттілігіне қарай бейімдеу үдерісі жүріп жатыр, – деді ҚХП депутаты. – Қазіргі уақытта мүгедек адамдардың ақпараттық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуін жеңілдету мақсатында заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жоспарлар әзірленуде.
Цифрлық контенттің қолжетімділігінің бірыңғай талаптары мен стандарттары осы НҚА-ның тиімді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған заңға тәуелді актілер арқылы белгіленеді.
– Жаһандық пандемиядан кейін және цифрландырудың кең тараған жеделдеуі аясында цифрлық салада мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы тиісінше еленуі тиіс, – деді мәжілісмен.