Қолжетімді орта пандуспен ғана шектелмейді

Қазақстан Халық партиясы мен «Инклюзивті қоғамды дамытудың Еуразиялық қауымдастығы» ЗТБ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ЗТБ басшысы Вячеслав Пак атап өткендей, елде қызметі ерекше қажеттілігі бар адамдардың игілігіне бағытталған көптеген қоғамдық бірлестіктер бар. Алайда әр ұйым өзіне қатысты санаттағы азаматтардың ғана мүддесін алға тартады. Салдарынан жалпыға ортақ тұжырымдама жоқ. Қауымдастық өкілі барлық бірлестіктерді біріктіруді ұсынды.

– Көру қабілеті нашар адам есту қабілеті нашар адамды толық түсінбейді, – деп атап өтті В. Пак. – Біз бірігу арқылы ғана ортақ мақсатқа жетіп, бір-бірімізді түсінетін деңгейге көтерілеміз.

Қазір ЗТБ мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру үшін күресіп жатыр.

– Біз осындай мәселемен бетпе-бет келдік, – деді В. Пак. – Жергілікті атқарушы органдарда мәселенің мәнін түсінетін және даярлықтан өткен адамдар жоқ.

Мүгедектерді спорттық бағдарлау федерациясының өкілі Николай Бычков қолжетімді ортаны тілге тиек ете келіп, бұл мәселе атүсті қаралатынын мәлімдеді.

– Өкінішке қарай, офлайн, онлайн кеңістіктегі қызметке қол жеткізу туралы сөз өте аз қозғалады, – деп атап өтті Н. Бычков. – Қазіргі заманғы цифрлық өнімдерді қолдану арқылы біз қызметтердің басым бөлігіне қол жеткіземіз. Бұл өзекті тақырып.

Бұл сұрақтар сенсорлық, психикалық және тірек-қимыл аппаратының бұзылуы бар адамдарға тікелей қатысты.

– Ортаның қолжетімділігі – бұл пандустар мен тактильді жолдар ғана емес, ұйымдар мен мекемелердің қолжетімділігі, – деді ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжан. – Заманауи технологияларды пайдалана отырып, мүгедектігі бар адамдар қолайсыздықты сезінбеуі үшін қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етуге болады.

Кездесу соңында ҚХП мүшесі Әділет Доқтырбектің демеушілігімен ЗТБ өкілдеріне сыйлық ретінде түрлі-түсті принтер табысталды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy