Табиғи полигондар мен рұқсат етілмеген қоқыс полигондары мәселе туғызып тұр. Қазақстан тұрмыстық қалдыққа батып кетпеуі үшін не істеуі керек? Қазақстан Халық партиясы нақты шара ұсынды.
Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан атап өткендей, 2013 жылы Қазақстанда қайталама шикізат айналымына экономикалық қызығушылық пайда болды. Қатты тұрмыстық қалдықты басқару жүйесін жаңғыртудың 2014-2050 жылдарға арналған бағдарламасына қарамастан, әр аймақта қоқыс өңдеу зауыттарын салу жоспары жүзеге аспады.
– Небары 2 қоқыс өңдеу зауыты салынды, олар көп ұзамай банкротқа ұшырады, – деді К. Сейітжан. – Қоқыс шығару тарифі зауыттардың сұрыптау және қайта өңдеу желілерінің шығынын өтемеді.
Мәселеге кәсіпкерлер назар аударды. Осылайша Теміртау, Қарағанды, Қостанай және т.б. қалаларда қалдықтарды бөлек жинау, шиналарды, пластикті, картонды, шыныны, картон қағазды қайта өңдейтін кәсіпорындар пайда болды. Бірақ бұл жеткіліксіз еді. 2018 жылға қарай «ӨКМ Операторы» ЖШС қоқыс өртейтін зауыт (бұдан әрі – ҚӨЗ) салу жөніндегі бағдарламаға бастамашы болды.
– Бұл бағдарлама жобаның қымбаттығына және тәуелсіз экологтар мен жұртшылықтың қарсылығына қарамастан, мемлекет тарапынан қолдау тапты, – деп нақтылады ҚХП депутаты. – Бірақ мәселе шешілмеді. Шағын қалаларда, ауылдарда қайта өңделетін заттарды жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды. Зауыттардан шыққан күлді қайтадан қауіпті қалдықтар полигонына көмуге тура келді.
Мәжілісмен ҚТҚ-ны бөлек жинауды енгізу полигондарға да, бюджетке де жүктемені жартысына дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді. Экологиялық кодекске сәйкес, ҚТҚ алдын-ала сұрыптаусыз полигонға түспеуі тиіс. ҚТҚ шығару тарифіне сұрыптау тарифі енгізілуі керек, сондай-ақ бөлек алым енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Осы іс-шараларды жүзеге асыру қайта өңдеуді едәуір ұлғайтып, полигондарға экологиялық және экономикалық жүктемені азайтады және елдімекендерде қосымша жұмыс орнын береді.
Фракция мүшелері заңсыз полигондардың, сондай-ақ ірі қалаларға жақын орналасқан қоқыс полигондарының мәселесін шешу үшін қалдықтарды жинау жүйесінің ашықтығын жетілдіру және қалдықтарды бөлек жинау жөніндегі заңнамалық база әзірлеуді, ҚТҚ шығару тарифін қайта қарауды сонымен қатар қалаларда бизнес пен халық үшін қоқысты бөлек жинауға ынталандыру бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынды.