«Сән-салтанатқа салынатын салық» нақты көрініс таба бастады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық Кодексіне тиісті консультативтік құжат әзірлеп, «Ашық НҚА» ресурсында жариялады.
Болашақта құжат экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемелеріне көшуді, прогрессивті салық салуды енгізуді жеделдетуді, арнайы салық режимдерін реформалауды, салықтық әкімшілендіруді жаңартуды, салықтық бақылауды толық цифрландыруды және т.б. ұсынады. Жеке бөлім халықтың түрлі топтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын теңестіруге арналған. Бұл үшін тауарлардың жекелеген түрлерін тұтыну деңгейін реттеуді енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, алкоголь және темекі өнімдерінің элиталық түрлеріне акциздер сомасын арттыру. Сонымен қатар - жеке тұлғаның иелігіндегі барлық объектілердің жиынтық құны 130 мың АЕК (479 млн. теңгеге жуық) сомадан асқан жағдайда салық мөлшерлемелерін көтеру де қарастырылған.
«Адамдардың аз ғана тобының меншігінде яхталар мен жеке ұшақтар бар», - делінген құжатта. - Мысалы, жеке тұлғалардың 490 яхтасы бар. Яхталарға салынатын салықтың ең жоғары сомасы - шамамен 190 мың теңге (55 АЕК). Мөлшерлемелерді бірнеше есе арттыру ұсынылады. Еуропа елдеріндегідей салық мөлшерлемесін анықтау үшін яхталардың ұзындығын қолдануға болады (5 метрден астамы сән-салтанатқа жатады)... "
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында сән-салтанатқа салық салынатынын жариялаған болатын.
– Салық қымбат жылжымайтын мүлік объектілерін, көлік құралдарын сатып алу кезінде алынады және орта топқа әсер етпейді, - деп нақтылады ол кезде Мемлекет басшысы.
Бұған дейін дәл осындай бастаманы Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясының депутаттары бірнеше рет көтерген болатын.
– Біз ұлттық табысты бөлу жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігі туындағанына сенімдіміз, - деп мәлімдеді Мәжіліс депутаттары. - Мұны сән-салтанатты заттарды тұтынуға қосымша салықтар салу мен квазимемлекеттік сектордағы, коммерциялық банктердегі қаржы ағындарына және капиталдың трансшекаралық қозғалысына бақылауды күшейту арқылы жасау қажет.