«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасын Мәжілісте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки таныстырды. Алайда, құжаттың атына заты қаншалықты сай келетіні үлкен сұрақ тудырды.
Вице-министрдің айтуынша, құжат «Ғылым туралы» және «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңдарының қолданыстағы нормаларын қамтиды. Бұдан басқа, ол бiрқатар ғылыми ұйымдардың құрылымдарын жетiлдiредi және функцияларын кеңейтедi, Ұлттық ғылым академиясын қайта құруды көздейдi, ғылыми қызметкерлердi, оның iшiнде жас ғалымдарды және т.б. әлеуметтiк қолдау пакетiн кеңейтудi көздейді.
– Сайып келгенде, ұсынылып отырған нормалар бюджеттен қаржыландырылатын қолданбалы ғылыми зерттеулердің жалпы санынан коммерцияланатын ғылыми әзірлемелердің үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деп нақтылады Ахмед-Заки.
Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова, сондай-ақ оның бірқатар әріптестері заң жобасының атауының дұрыстығына күмән келтірді.
– Біз бұл жерде технологиялық саясатты көріп отырған жоқпыз, - деп мысқылдады Мәжіліс депутаты. - Әңгіме тек ғылым мен коммерцияландыру туралы болып отыр. Бәлкім, осы заңның атауын өзгерту керек шығар?
Сонымен қатар, депутат құжатта Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілікті бекітетін нормалар неге көзделмегенін сұрады. Мұндай ұсынысты әзірлеушіге кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар берген болатын.
– Дәл солар (ҰҒК мүшелері - авт.) гранттарды бөлу туралы шешім қабылдап, жиі дауға қалып жатады ғой, - деп атап өтті Смирнова.
Вице-министр заң жобасын жұмыс топтарында талқылау барысында барлық даулы жайттарды ескеруге уәде берді.