Семей полигонының жабылғанына 30 жылдан асты. Алайда, өңір тұрғындары әлі де ядролық сынақтардың зардаптарын бастан кешуде.
Айталық, экология мен ауыл шаруашылығы полигонның кесепатын көріп, онкологиялық аурулардың саны артып келеді. Осы тұрғыда мемлекет зардап шеккендерге қандай қолдау көрсетуі керек, бұл туралы «Халық микрофоны» студиясында талқыланды. Талдауға Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қуат Ерғалиев пен Нұрдәулет Оразханов, сондай-ақ азаматтық қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Әрине, Қазақстанда «Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң бар. Тек бұл құжат 1992 жылы қабылданып, мән-мазмұны ескірген.
«Аталған заңды парадокстар саны бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге болады», – деді «Полигон 21» комитетінің белсендісі Майра Әбенова.
Ядролық сынақтардан зардап шеккендердің нақты санын есептеу де қиын. Статистика шамамен 1,5 миллион адам деп мәлімдейді. Бірақ оған «тұқым қуалайтын» аурудан зардап шеккендердің ұрпақтары кірмейді. Қазақстан Халық партиясы заңды өңір тұрғындарының игілігіне, талап-тілегіне сай қайта қарау керек деп есептейді.
– Семей полигонында зардап шеккендердің мәселесін көтеретін жалғыз партия, ол – Халық партиясы – деп атап өтті Нұрдәулет Оразханов. – Егер біз сайлауда жеңіске жетсек, бұл мәселелерді шешуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.
Алдыңғы шақырылымда да ҚХП фракциясының депутаттары парламенттік мінберден полигоннан зардап шеккендер жанайқайын жеткізген болатын.
«Үкімет тұрғындардың әрбір санатын медициналық қамтамасыз ету және сауықтыру, нақты аумақтардың экономикалық даму саласын кеңейту, атаулы әлеуметтік жеңілдіктер мен преференциялар беру жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуі қажет», – деген ҚХП депутаттық сауалында.
Қуат Ерғалиевтің айтуынша, қордаланған мәселелерді шешу үшін Қазақстан Халық партиясы Семей ядролық полигоны құрбандарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымын енгізуді ұсынады.