Биыл жеңістің 78 жылдығы. Бұл Жеңіс – асқақ рух пен өшпес ерліктің мерекесі. Қаһармандық пен қайсарлықтың, батылдық пен бірліктің символы. Бұл – Отан үшін кеудесін оққа тосқан жауынгерлерді еске алу күні.
Осынау қастерлі мерекеде Халық партиясының аймақтардағы филиалдарының өкілдері Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым жасады. Шара шеңберінде бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Айталық, Түркістан облыстық филиал белсенділері соғыс және еңбек ардагері Әбжаппар Дайрабаев, 100 жасқа толған Ермахан Инчихонов ақсақалдың үйінде болып, ақ батасын алды. Ал маңғыстаулық филиал белсенділері Ольга Заривняк, Асан Аймағанбетов, Василий Салазкин секілді соғыс ардагерлеріне арнайы барып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ақтөбе облыстық филиал Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне, Астана қалалық филиал белсенділері «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойды. Сол секілді Алматы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Шығыс, Қазақстан, облыстық филиалдары «Мәңгілік алау» кешеніне барып, шейіт болған батырларға тағзым етті.