Мәжіліс Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялады.
Құжаттың басты мақсаттарының бірі - ТМД елдерінің дәрігерлері үшін төтенше жағдайлар кезінде шекарадан өту тәртібін жеңілдету.
– Келісімнің маңызды тармақтарының бірі ТМД елдерінің аумағында санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы ТЖ туындаған сәтте мамандандырылған эпидемияға қарсы бригадалардың жедел іс-қимыл жасауы болып табылады, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Алназарова. - Құжатты ратификациялау ТМД елдерінің дәрігерлеріне шұғыл жағдайларда көмек көрсету үшін қажетті техникалық жабдықтармен мемлекеттер арасында еркін қозғалуға мүмкіндік береді.
Мұндай көмекті шетелден тарту - маңызды және қажетті іс. Себебі, өкінішке қарай, біздің дәрігерлер мен құтқарушылар кей кездерде көмек бере алмай жатады. Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейітжан атап өткендей, Қазақстандағы көптеген дәрігер-эпидемиологтар мүгедектігі бар адамдарға қалай көмек көрсету керектігін білмейді. Алматыда жақында болған жер сілкінісі айқын көрсеткендей, өкінішке орай, дәл осы проблема құтқарушыларға да тән.
– ТЖ жағдайында сіз мүгедектігі бар адамға (МБА) қалай көмек көрсетесіз? - деп сұрады Мәжіліс депутаты Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ өкілдерінен.
Денсаулық сақтау министрі мәселені өте өзекті деп атады. Ол МБА-ға медициналық көмек көрсету басымдыққа ие болуы тиіс деген заңнамалық нормаларды еске салды.
– Депутаттармен бірге тағы да талқылау жүргізу қажет, - деп атап өтті ол. - Біз бұл мәселені үйлестіруге дайынбыз.
ТЖМ өкілдері өз қызметкерлері басшылыққа алып жұмыс істейтін әдістемелік нұсқаулыққа сілтеме жасады.