Қазақстанда қосымша құн салығы (ҚҚС) көтерілмейді, бірақ бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін жоспарлау жақсарады, бұл мәселеге министрлер тікелей жауапты болады. Бұл туралы жаңартылған Үкіметтің бірінші отырысында айтылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов атап өткендей, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қосымша құн салығының мөлшері өзгеріссіз қалады. Ал министрлерге қаржылық тәртіпті нығайтуға тура келеді. Басты міндет - елде тұрақты экономикалық өсімді кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету және инфляцияны тежеу.
– Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыс және кіріс бөлігін сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі қажет, - деп атап өтті Бектенов. – Ең маңыздысы - орынсыз шығыстарды болдырмау және тұтастай алғанда мемлекеттiк бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiн арттыру.
Премьер өзіне бағыныстылардың бәрін экономика өсімінің жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін барынша күш салуға шақырды. Және әрбір министр мен өңір әкімі қойылған мақсаттарға жету үшін жеке жауапкершілікте екенін еске салды.
Министрліктер «үнемдеуге» дайын болып шықты.
– Шығыстарға тексеріс жүргізіліп жатыр, - деді Ұлттық Экономика министрлігінің басшысы Нұрлан Байбазаров журналистерге. Бірінші кезекте біз бюджеттің «нәтижесіз шығыстарына» қарайтын боламыз. Бұл жергілікті бюджеттер мен квазимемлекеттік секторға да қатысты.
Бұған дейін, 2023 жылға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы да Үкіметтің құжаттың шығыс бөлігіне деген көзқарасын сынға алған болатын. Ол кезде фракция басшысы, депутат Магеррам Магеррамов атап өткендей, «мемлекеттік қазына тиімсіз жұмсалады, ал шенеуніктер ҚР Ұлттық қоры есебінен, үнемдеп, әлеуметтік саладағы « тесіктерді бітейді». Бұған ең алдымен ешкім жауапкершілікке тартылмайтын тиімсіз басқару кінәлі» деген пікір айтылған болатын.
– Неге екені белгісіз, мәселе адамдарға қатысты болғанда Үкімет экономикалық тиімділік туралы ойлана бастайды, - деді мысқылмен Мәжіліс депутаты. - Бұл ретте банктерге триллиондық көмек оңай көрсетіледі, ал бюджеттен ашылмай жатып жабылатын өндірістерге және «Рухани жаңғыру» сияқты тиімсіз мемлекеттік бағдарламаларға ақша жеңіл бөліне қалады.
Жаңадан жасақталған Үкімет алдындағылардың кемшіліктерін ескеріп, жағдайды түзетеді деп үміттенеміз.