Соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады

dep.jpg Жаңа оқу жылы 34 аптаға созылып, 25 мамырда аяқталады. Оқу-ағарту министрлігі білім беру үдерісін 1 маусымға дейін ұзартпайтын болды.

Мәселе 2025 жылы қайта қаралады.

Тамыз кеңесінде вице-премьер Тамара Дүйсенова шенеуніктер қабылдаған асығыс шешім ата-аналар мен ұстаздар қауымының наразылығын туғызғанын мәлімдеді.

– Бұл әлемдік тәжірибе екенін мойындау керек. Бірақ мұндай жаңашылдықты енгізу тыңғылықты дайындықты қажет етеді, – деді вице-премьер. – Оқу-ағарту министрлігінің шешімі дұрыс болды, алайда асығыс қабылданды деп санаймын. Осыған байланысты 34 апталық оқу жылына оралу дұрыс деп есептеймін.

Т.Дүйсенова бұл мәселе 2025 жылға қарай зерттелетінін, қаралатынын және жүзеге асырылатынын нақтылады.

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова каникулдың бұрынғы мерзіміне оралуын құптайды және орынды деп санайды.

– Мектептердің күн ыстық уақытта дәріс беруге сай жабдықталмағаны назарға алынбады, – деді мәжілісмен. – Бізге білім беруге дайын емес мектептер, шамадан тыс жүктеме, ойластырылмаған жаңашылдық ұсынылды. Бұл білім сапасының жақсаруына емес, хаосқа, шатасуға және қос стандартқа әкелді.

И. Смирнованың айтуынша, реформаны базадан, мектептердің жағдайын зерттеуден бастау керек. Сондай-ақ мәселенің мәніне ой жүгіртіп, қорытынды шығару үшін жекелеген мектептерге 3-5 жылға қанатқақты жоба енгізілуі тиіс. – Біз оқу жылының мерзімін өзгерту оң нәтиже бере ме, білім беру сапасын арттыра ма, әлде төмендете ме, соны көруіміз керек, – деп атап өтті депутат. – Осыдан соң ғана тұтас білім беру жүйесін реформалау қажет. Бұл әлдекімдердің аяқ астынан қабылдаған субъективті шешімі емес, салмақты және алдын ала ойластырылған шешім болуы тиіс.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy