Қазақстандағы бұқаралық балалар мен жасөспірімдер спортының даму қарқыны қалай? Мұны кәсіби спортқа зиян келтірмей қалай өрістетуге болады? Спорт клубтары үлкен ақшаға жалдайтын шетелдік легионерлер елімізге керек пе? Осы және басқа да мәселелерді Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы сарапшылар кездесуінде талқылады.
Фракция басшысы, депутат Магеррам Магеррамов атап өткендей, қазір Парламентте дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер қаралуда.
– Бізге ашық әңгіме қажет, - деп мәлімдеді мәжілісмен сарапшыларға. - Бұл осы саладағы проблемаларды айтып, ортаға салу мүмкіндігі. Заң қабылданып кеткеннен кейін қоғам сол заңмен әрекет етеді, жаңа өзгерістер жуық арада болмайды.
Қазақстан футбол федерациясының операциялық директоры Александр Кеплиннің пікірінше, кәсіпқой спорт қазір бюджет есебінен легионерлердің қызметіне ақы төлеуден бас тартып, коммерциялық жолға толығымен көше алмайды.
– Бұл біздің федерацияның стратегиясында көрсетілген міндеттердің бірі және біз бұл міндетті біртіндеп шешудеміз, - деп нақтылады ол. - Бірақ революциялық емес, эволюциялық жолмен.
Заң жобасындағы чемпионаттарға қатысатын шетелдік спортшыларға төлемдерді шектеу туралы түзету халықаралық ұйымдардың талап-арыздар жазып, шектеу салуына ғана алып келеді.
– Барлық клубтардың ойыншылармен келісімшарттары жасалды және көптеген келісімшарттар - көпжылдық, - деп еске салды Кеплин. - Егер қазір бұл норма қабылданса, клубтар өз міндеттемелерін орындай алмайды. Бізге бұның мүлдем қажеті жоқ.
Кәсіби спорт пен бұқаралық спорт арасында біріншісі екіншісін дамытуға ынталандыратындай мүдделер теңгерімін табу оңай болмайды.
– Әрине, клубтардың бюджеттік қаржыландырылуын күрт қысқартуға болмайды, - деп атап өтті ҚХП депутаты Ислам Сұңқар. - Бірақ клуб белгілі бір деңгейге шығып, ақша таба бастағанда, теңізде жүзген кемедей өз бетінше тіршілігін түзеп кетуі тиіс. Бюджет қаражатына қол жайып отырмауы керек.
Жиынға қатысушылар сарапшылар кездесуінің қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, ҚХП депутаттары өңірлерде жасөспірімдерге жыл бойы шұғылдануға мүмкіндік беретін жабық стадиондар құрылысын ұлғайтуды, осы ұйымдар арқылы бюджет қаражатын алу схемасын іске асыратын әкімдердің ықпалынан спорт клубтарын шығаруды, кәсіби клубтар жанынан балалар және т.б. шұғылдана алатын интернат үлгісіндей спорт академиялары желісін құруды ұсынды.