«...Сұрауы бар судың да...»

dep.jpg

ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық комитеті суармалы егіншілікке арналған инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауда.

ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибраханов хабарлағандай, елімізде 17 мыңнан астам өзен мен уақытша су ағыны, 4 мың көл, 4,5 мың жер асты су кен орны, 13 мыңнан астам су шаруашылығы құрылыстары бар.

– Тұтастай алғанда, еліміздің жыл сайын пайдаланылатын су ресурстарының 65% -ға жуығы ауыл шаруашылығы қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қолданылады, - деді вице-министр. - Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымның тозуынан оларды дамыту өзекті мәселе болып табылады.

Еліміздегі суармалы егіншілік жыл сайын желілердің тозуынан жеткізілетін судың 20-30% -ын жоғалтады. Аталған шығындардың көлемін азайту мақсатында Министрлік нысандарды қайта құру және каналдардың пайдалы әсер коэффициентін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Жаңа су шаруашылығы объектілерін қарқынды салуға және қолданыстағыларын жөндеуге басымдық беріліп отыр. Ал бұл оңай шаруа емес, өйткені, 2,5 мыңнан астам коммуналдық су шаруашылығы құрылыстары (41,6%) қанағаттанарлықсыз жағдайда, 47 объект апатты жағдайда.

Егер бұрын су шаруашылығы құрылыстарын салу және қайта жаңарту «қалдық қағидаты бойынша» қаржыландырыл келген болса, қазір 57 жаңа су қоймасын салу, 133 гидротехникалық құрылысты құру, ұзындығы 7,7 мың шақырымнан астам ирригациялық жүйелерді және ұзындығы 1200 шақырым топтық су құбырларын қайта жаңарту, сондай-ақ 3628 тік дренаж ұңғымаларын бұрғылау жоспарлануда.

Қазақстан Халық партиясы да су ресурстарын ұқыпты пайдалану мәселелерін аса маңызды деп санайды. ҚХП депутаты, Аграрлық комитеттің өкілі Ислам Сұңқардың айтуынша, елімізде су тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін, бұл өз кезегінде мемлекеттегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер етеді.

– Суды тиімді пайдалану проблемасы өте өзекті, - деп атап өтті ол. - Кешегі су тасқынының нәтижесінде бізде судың бар екенін көріп отырмыз. Ендігі жерде «сол мол суды қалай сақтап, пайдаланамыз?» деген сұраққа жауап табу керек. Бұл әсіресе Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қатысты.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар мен пікірлер айтылды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy