Студенттерді қайда орналастырамыз?

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының көшпелі отырысы өтті. Жиында студенттерді жатақханамен қамту мәселесі талқыланды.

Дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаттарымен қатар министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың, жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен әкімдік өкілдері, сала мамандары мен сарапшылар және Қазақстан Халық партиясы өңірлік филиалдарының қызметкерлері қатысты. Басқосу барысында студенттерді жатақханамен қамту үшін жоғары оқу орындары мен құрылыс компаниялары арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін енгізу қажет деген ұсыныс жасалды.

Мәжіліске ҚХП атынан сайланған депутат Ислам Сұңқар жатақхана тапшылығының өзектілігіне назар аударып, 82 мың студент пәтер жағалап жүргенін жариялады.

– Студенттік жатақханалардың тапшылығы еліміздің мегаполистерінде де, облыстық маңызы бар қалаларында да бар. 2000 - шы жылдардың басындағы «бейби-бумның» нәтижесі студенттердің қазіргі контингентінен көрініс тауып отыр. Бұл алдағы уақытта студенттердің жатақханаға деген сұранысы ұлғая береді дегенді білдіреді, – деді И.Сұңқар.

Ол Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми статистикасын алға тартып, 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда тапшылық 55 050 орынды құрайтынын мәлімдеді.

– Министрліктің бізге берген мәліметінде бір жылдың тапшылығы ғана көрсетілген. Яғни мәлімет 1 курс студенттерінің жатақханаларына ғана қатысты болып тұр. Негізі жоғары курс студенттері де жатақханаға мұқтаж. Ұсынылған деректе орта арнаулы оқу орындарындағы жатақхана тапшылығы туралы жазылмаған, – деді И.Сұңқар.

Жатақханалардағы орын тапшылығы өз алдына, олардың жағдайы да сын көтермейді. Себебі басым бөлігі өткен ғасырда салынған.

– Мысалы Қазақ аграрлық зерттеу университетінің жатақханалары 1957 жылы бой көтерген. Яғни қолданысқа осыдан 66 жыл бұрын берілген. Әбден тозғандығы соншалық, жыл сайын косметикалық және күрделі жөндеуден өтетініне қарамастан, апатты жағдайға жеткен. Студенттер адам өміріне қауіп төндіретін жатақханаларға орналастырылып жатыр, – деді депутат.

Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне мән берілген. Құжатта «Мемлекет студенттерге жатақханада тегін тұруды қамтамасыз етуі тиіс» деп жазылған. Бұл мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттік және жеке оқу орындарының студенттері үшін айына 77 777 теңге мөлшерінде өтемақы белгілеу ұсынылған.

И.Сұңқардың айтуынша, 2030 жылға қарай студенттере 364 мың орынға арналған жатақхана қажет болады деген болжам бар.

– Ғылым және жоғары білім министрлігі мәселені шешу үшін студенттердің жалдау ақысын 100 мың теңге көлемінде субсидиялау жөнінде Үкімет қаулысын әзірлеп жатыр. Бұл бастама студенттерге айтарлықтай көмек болады, – деді депутат.

Бұдан кейін ол Еуропа елдерінде 3-7 студенттің бірге тұруы үшін арнайы жабдықталған пәтерлер жатақханаға айналатынын айтты.

– Мұндай пәтерлерге инвестиция салу үшін жеке инвесторларды қызықтыру қажет деп санаймыз. Сондықтан министрлікке студенттердің пәтерде бірге тұруын субсидиялау тетігін қайта қарауды ұсынамыз: пәтерді қайта жабдықтау үшін шығындарды субсидиялау немесе студенттердің пәтерде бірге тұруы үшін жалдау шығындарын субсидиялау, – деді И.Сұңқар.

Көшпелі отырысты «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының жетекшісі М.Магеррамов қорытындылады.

– Біз мәселені шешуге мүдделіміз. Студенттер қалыпты жағдайда өмір сүріп, білім алуы керек, – деді ол.

Отырыс қорытындысында атқарушы билік органдарына бірқатар ұсыным әзірленді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy