Су Кодексі: жаңасын жасап алмайтындай етіп, ескі проблемаларды қалай шешуге болады?

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары тақырыптық алқалы жиында Су Кодексінің мәселелерін, сондай-ақ су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелерін талқылады. Пікірталасқа мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері, ғалым-сарапшылар мен азаматтық белсенділер қатысты.

ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, Су Кодексінің соңғы нұсқасы 2009 жылы қабылданған. Өткен уақыт ішінде жағдай айтарлықтай өзгерді, құжат моральдық және материалдық жағынан ескірді және оған жүктелген міндеттерді орындай алмайды. Мұны елімізде қалыптасқан су тасқыны жағдайы айқын көрсетіп отыр. Осы жерде Мәжіліс депутаты жергілікті жерлердегі кемшіліктерге баса тоқталып, өзен алқаптары мен тау бөктеріндегі бейберекет құрылыстар, гидротехникалық және ілеспе инфрақұрылымның күрделі жай-күйі, жаппай сыбайлас жемқорлық және кәсіби кадрлардың тапшылығы секілді су саласының негізгі проблемаларын атады.

– Сонымен қатар, су саласының ерекшеліктерін мүлде білмейтін, маман емес адамды лауазымды қызметтерге тағайындау тәжірибесі де кездеседі,- деп нақтылады Ирина Смирнова.

ҚазҰЭУ «Water Hub халықаралық зерттеу орталығы» директоры Анатолий Рябцев Тәуелсіздік жылдарында Су ресурстары комитеті Ауыл шаруашылығы ведомствосы мен Табиғатты қорғау министрлігі ортасында бірнеше рет ары-бері ауысып жүргенін еске салды.

– Мамандандырылған министрлік құру - бұл су ресурстарын басқаруды біріктіру мен ықпалдастыруға бағытталған үлкен қадам, - деп атап өтті сарапшы.

Қазақстанға жаңа Су Кодексі қажет екенін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев та жоққа шығармады. 15 жыл ішінде құжатқа 272 түзету енгізілген.

– Көптеген нормалар тек ресми түрде ғана жасалды және оларды іске асыру тетігі болмады, - деп түсіндірді Бекетаев.

Жаңа Кодексте су ресурстарын қорғау, сақтау және кешенді пайдалануға, олардың экономикалық құндылығын тануға және трансшекаралық өзендерді пайдаланудың халықаралық жобаларын жасауға баса назар аударылған.

ТЖМ өкілдері ағымдағы жағдай туралы көбірек айтты. Қазақстанның 12 облысының 5-еуі тасқын су басу аймағында қалды, 38 ауданда ТЖ режимі жарияланған. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында су тасқынының екінші толқыны күтілуде.

Ұзақ талқылаудан кейін жиынға қатысушылар бірқатар ұсыныстар мен пікірлерін жеткізді.

– Біз бұл ұсыныстарды Үкіметке жолдаймыз және олардың орындалуын талап етеміз, - деп түйіндеді депутат Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy