ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің отырысында аграрлық секторды субсидиялау мәселесі талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеп жүр. Мәжілісмендер мұнымен келіспейді. Депутаттардың дерегінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл фермерлердің тек 10% -ы ғана субсидияға ие болған, ал 90% -ы құр қол қалған.
– Бұл жыл басындағы көрсеткіш. Жұмыс осы қарқынмен жалғасатын болса, 12 айдың қорытындысында Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе 2022 жылға бөлінген 287 млрд.теңгенің 31 млрд. теңгесін ғана төлей алады, – деді мәжілісмендер. – Біреу үшін бұл жай ғана сан болуы мүмкін, алайда оның артында адамдар, бизнес және жұмыс орындары тұр. Олардың саны қанша? Алдын ала болжам бойынша, 40 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тиісті төлемдерін ала алмайды және ауыл шаруашылығы министрлігінің дүмбілез ақпараттық жүйені нарыққа шығару туралы жауапсыз шешімінен зардап шегеді.
Талқылау барысында ҚХП депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ислам Сұңқар министрлік өкілдерінен неге әкімдіктер конкурстық негізде баламалы жүйелерді тарту мүмкіндігін қарастырмағанын сұрады. Ауыл шаруашылығы министрлігі халық қалаулыларын субсидиялау мәселесін жедел шешу үшін басқа нұсқаларды қарастыруға дайын екеніне сендіруге тырысты. Себебі Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе өзін ақтамады және іс жүзінде берілген өтінімдерді толық өңдей алмай жатыр.
– Біздің комитет қазіргі ахуалды іс жүзінде төтенше жағдай деп санайды, – деді Ислам Сұңқар. – Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәселе. Нарықтық тетіктерді пайдаланып, бизнеске бірыңғай мемлекеттік монополия белгілеудің орнына, фермерлерді субсидиялаудың алаңдары мен баламалы жүйелерін ұсынуға мүмкіндік беру қажет.
Отырыс қорытындысында комитет Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыным жасады. 1 мамырға дейін мәселе пысықталуға тиіс.