Тазалық - денсаулық кепілі!

dep.jpg

ҚР Үкіметі «қоқыс» мәселесін шешуге шындап кірісті. Қазір, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша елде қатты тұрмыстық қалдықтардың төрттен бірі ғана, яғни, 4 млн тонна ҚТҚ-ның 1 млн тоннасы ғана өңделеді.

Ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев хабарлағандай, қазірдің өзінде қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыруға 200 млрд теңге бөлінді. Ақша қоқыс тасығыштарды, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алуға жұмсалады.

– Құны 232,2 млрд теңге болатын 94 жоба іріктелді, - деп хабарлады министр. - Жобалар іске асқан кезде брусчатка, люк, қоқыс бактары, шыны ыдыс, стрейч-пленка, автокөлікке арналған бамперлер және басқа да халық тұтынатын дайын өнімдер шығарылатын болады.

Нысанбаевтың баяндамасын тыңдаған ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов бағынышты мекемелерді коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға шақырды:

– Дамыған елдер тұйық циклді экономика қағидаты бойынша қайта өңделген шикізатты экономикалық айналымға қайтарады, - деп атап өтті Үкімет басшысы. - Біз, қарапайым сөзбен айтқанда, қоқысты жерге көмеміз, тіпті жер бетіне тастай саламыз. Бұл қоқыстар елді мекендер төңірегінде өте жағымсыз түрде үйіліп жатады және ешқандай да санитарлық, экологиялық нормаларға сәйкес келмейді.

Бұған дейін бұл тақырыпты ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейтжан көтерген болатын. Мәжілісмен 2013 жылы Қазақстанда «2014-2050 жылдарға арналған ҚТҚ басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасы» қабылданғанын, оған сәйкес әрбір өңірде қоқыс өңдеу зауыттарын салу жоспарланғанын атап өтті.

– Ондай зауыттың бар-жоғы 2-еуі салынды, ол екеудің өзі көп ұзамай мемлекеттен қолдау болмаған соң, ешқандай пайда таба алмай банкротқа ұшырады, - деп нақтылады Сейтжан. - Қоқыс шығару тарифтері барлық шығындарды жапқан жоқ.

ҚХП депутаттары ірі қалалардың маңында заңсыз қоқыс тастайтын жерлердің, сондай-ақ полигондардың пайда болу проблемасын шешу үшін арнайы заңнамалық база әзірлеп, қалдықтарды жинау жүйесін жетілдіруді ұсынды. Сондай-ақ, қалдықтарды бөлу үшін саралауды қоса алғанда, ҚТҚ шығаруға тарифтеуді қайта қарау, қалаларда бизнес пен халықты қоқысты бөлек жинауға ынталандыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру, және ең бастысы, тұтынуға ұқыптылықпен қараудың жаңа мәдениетін енгізу мәселелерін көтерді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy