Ұлттық валютамыз өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. 1993 жылғы 15 қарашада Тәуелсіз Қазақстанның есептік бірлігі ретінде теңге енгізілген болатын.
Теңге деген атаудың тарихи тамыры тереңде жатыр. Ол ортағасырлық түркі күміс монеталарының атауынан шыққан. Теңге ұлттық валюта атауларының «акша», «алтын» және «сом» деген секілді басқа да нұсқаларымен бәйгеге түсіп, бәсі биік болып, айдарынан жел ескен тұлпардай, көмбеге жалғыз келген еді.
© Pixabay.com
Теңгемен бiрге 1993 жылы неғұрлым ұсақ номинал - тиын ақша да енгiзiлдi (100 тиын 1 теңге болатын). Алғашқы тиындар монеталар емес, қағаз банкноттар болды, себебі монеталар мерзімінде соғылып үлгермеді. Қағаз тиындар екі жыл өткен соң ғана, 1995 жылы айналымнан алынды. Қазір ел экономикасындағы бағаның өсіп, ақшаның құнсыздануынан, тиындар іс жүзінде қолданыстан алшақтап, тек нумизматикалық қызығушылықтың нысаны болып қалды.
Сурет: bf.kz
Сурет: bf.kz
Өткен 30 жылда теңге бірнеше ұсақ және 5 ірі девальвацияны бастан кешірді:
– 1999 ж. (мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы, 1997-1998 жж. Азия қаржы дағдарысы және 1998 ж. Ресей дефолты);
– 2009 ж. (2007-2008 жж. қаржы дағдарысы);
– 2014 ж. (Ресейдегі валюталық дағдарыс 2014-2015 жж.);
– 2020 ж. (COVID-19 пандемиясына байланысты әлемдік қаржы дағдарысы);
– 2022 ж. (Ресей-Украина әскери қақтығысы себеп болған экономикалық дағдарыс).
Сурет: bf.kz
Дей тұрғанмен, Қазақстанның ұлттық валютасы бірде-бір рет деноминацияға ұшыраған жоқ. Біздің республикамыздан басқа мұндай жетістікпен посткеңестік тек 3 ел - Армения, Қырғызстан және Эстония ғана мақтана алады.
2015 жылы теңге «еркін айналымға көшті», яғни құбылмалы валюта бағамына айналды. Енді теңгенің негізгі валюталарға бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына қарап анықталады.
Қазақстан Халық партиясы ҚР Ұлттық Банкінің республиканың шикізат секторының пайдасы үшін жүргізіп отырған монетарлық саясатын бірнеше рет сынға алды. Өз сайлауалды бағдарламасында ҚХП өкілдері ҚР Ұлттық Банкін Мәжіліске есеп беруді, сондай-ақ оны инфляция мен ұлттық валюта бағамы үшін ғана емес, республика экономикасының жалпы өсімі үшін (Үкіметпен бірге) жауап беруге міндеттеуді ұсынған болатын.