Теңгерімді бюджет

dep.jpg

Қазақстандағы фармацевтика саласында қашан тәртіп орнайды? Әзірге бұл сала бюджет қаражаты жым-жылас жоғалып кететін қара құрдымға ұқсап барады. Оған қоса, дәрі-дәрмек құны да күннен күнге өсіп келеді.

Қазақстан Халық партиясының депутаты Гауһар Танашева республикалық бюджет жобасында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 2025 жылы 226, 6 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты.

«Алайда, іс жүзінде дәрі-дәрмек емделушілерге жете бермейді», - деп атап өтті мәжілісмен.

Сондай-ақ, Жоғарғы аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, бюджетті 25-27 жылға жоспарлағанда, дәрі-дәрмекті жоспарлы қажеттіліктен артық сатып алу қордың шектен асып кетуіне әкелуі мүмкін. Осы ретте Палата дәрі-дәрмек сатып алу тәсілін өзгертуді ұсынды.

– Қандай ұсыныстарыңыз бар? Мүмкін, қосымша төлем принципіне көшу керек шығар? Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі үнемі «күту режимінде». Айтыңызшы, денсаулық сақтау саласының бюджетін теңгерімдеу бағытында сіздің басқарма тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр? - деп сұрады депутат.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарын міндетті түрде ескеретінін, сондай-ақ дәрі-дәрмек сатып алу тек республикалық қаражат есебінен ғана емес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен де жүзеге асырылатынын, ал сатып алынатын дәрілердің сапасы бойынша оңтайландыру жүргізілгенін жеткізді. Қазір сатып алу бағасы бойынша тиісті бұйрықтарды бекіту және медициналық қызметтердің тарифтерін қайта қарау жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

«Денсаулық сақтау саласында қаржылық тұрақтылық пен теңгерімді саясат өте қажет», - деді министр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy