Қазақстан Республикасы Парламетінің Мәжілісі адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын талқылауда. Құжат пленарлық отырыста бірінші оқылымда қабылданды. Әзірлеушінің пікірінше, осылайша қазақстандық заңнама халықаралық стандарттарға барынша сәйкес келеді.
Заң жобасында адам саудасы құрбандарының құқықтары, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және осы саладағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың негіздері заң жүзінде айқындалады және жазылады. «Адамды пайдалану» термині халықаралық конвенцияларға сәйкес келтіріледі. Адам саудасына байланысты қылмыстар қоғамға қауіпті ауыр қылмыстар қатарына жатқызылады. Адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері және олардың құзыреті нақтыланып, уәкілетті мемлекеттік орган белгіленеді.
– Серіктестік аясында алғаш рет заң деңгейінде ІІМ мен Еңбек министрлігі атынан уәкілетті органдар айқындалады, - деп атап өтті ІІМ министрі Ержан Сәденов. - Басқа мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ мен мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалардың (туристік қызмет субъектілерінің, жұмыспен қамту агенттіктерінің және т.б.) функциялары бекітіледі.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ислам Сұңқар бізде адам саудасына қарсы неге тек екі ведомство ғана әрекет ететініне таң қалды.
– Басқа органдардың құзыреті жоқ, - деп нақтылады Мәжіліс депутаты. - Адам саудасына қарсы тұру орбитасына басқа да мемлекеттік органдар кіреді. Ендеше, «олар арнайы заңда өз өкілеттіктерін бекітпей тұрып, бұл қылмысқа қарсы іс-қимылды қалай жүзеге асырады» деген сұрақ туындайды?
Ержан Сәденов мұндай істерге кейде ҰҚК шекара қызметінің, Денсаулық сақтау немесе Білім министрлігінің тікелей қатысуы қажет екенін еске салды. Оларды да құжатқа енгізу ұсынылды.
– Біздің кейбір әріптестеріміз мұндай пікірді қолдамады және бюрократияға жол бермеу мәселелеріне сілтеме жасай отырып, оны жоққа шығарды, - деп түсіндірді министр. - Алайда, жұмысшы топтары барысында бұл ұсыныс болды.
Министр егер парламентарийлер, сосын Үкімет те бұл норманы қолдаса, онда ол заңның түпкілікті редакциясына енеді деген болжам айтты.