Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

dep.jpg

Түркістанға Қазақстанның рухани-тарихи астанасы ретінде ерекше мәртебе беріледі. Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі бірінші оқылымда қабылдады. Бұған дейін көне шаһарды Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің рухани астанасы деп таныған болатын. Ал бұл қосымша мәртебе Түркістанның тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан мәдени мұра нысандарын сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Түркістанда археологиялық ескерткіштер резерваты құрылады. Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің бірегейлігін сақтау үшін оның айналасындағы құрылыс жұмыстары шектеледі.

«Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысандарды салуға жол берілмейді», - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, Түркістанның жаңа мәртебесі өңірдегі туризмнің дамуына ықпал етеді деп жоспарланып отыр. Осы ретте ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжан ескерткіштердің мүмкіндігі шектеулі туристерге қаншалықты қолжетімді болатынын сұрады.

– Бұл үшін қандай нақты заңнамалық нормалар қарастырылған? Инклюзивті туризм деген ұғым барын білесіз. Нақтырақ айтсақ, бұл заң жобасында инклюзивті туризмді дамытудың қандай стандарттары қамтылған?, - деп сұрады ол.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов құжатта ұсынылған нормалар «бірегей емес» екенін, яғни, қолданыстағы заңнаманы оңтайландыруға бағытталғанын түсіндірді.

«Нысан барынша инклюзивті әрі қолжетімді болуы керек», - деді вице-министр. – Қолайлылық, мүгедек жандарға қол жетімді барлық мүмкіндік осы резерв аясында жүз пайыз орындалатын болады.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев заң жобасы аясында әкімдіктер мен мәслихаттарға туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының арнайы ережелерін әзірлеу бойынша қосымша өкілеттіктер берілгенін еске салды.

«Біз инклюзивті туризм мәселелерін бөлек, яғни, әкімдікпен бірлесіп, заңға тәуелді актілер деңгейінде дамытуды ұсынамыз», - деп түсіндірді Еркінбаев. – Мен өз тарапымнан инклюзивті туризмге қатысты осы мәселе бойынша сіздермен бірге жұмыс істеп, қажетті түзетулер енгізуге уәде беремін.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy