Еңбек нарығында мүмкіндігі шектеулі жандарға орын бар ма?

dep.jpg

Еліміздегі еңбек нарығында мүмкіндігі шектеулі жандарға орын бар ма? Бұл мәселені «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» тақырыбындағы Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты, ҚР Халықтың әлеуметтік осал топтары құқықтары жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейітжан көтерді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жоламанова ведомствоның алдағы стратегиялық мақсаты 2030 жылға қарай теңгерімді еңбек нарығын құру екенін атап өтті. Бұл дегеніміз – экономикада 3,8 миллион жоғары сапалы жұмыс орнының болуы, 1,7 миллион адамның табысының медианды жалақы мөлшерінен өсуі, бейресми жұмыс орындарын 15 пайызға дейін азайту және әлеуметтік онлайн-қызметтер көрсету индексі бойынша еліміздің әлемдегі үздік ондыққа енуі.

«Біз еңбек нарығында және азаматтарды әлеуметтік қолдау саласында күрделі проблемалардың бар екенін мойындаймыз. Департамент алдында тұрған бұл мәселелерді шешу үшін бізде жүйелі көзқарас, озық технологиялық құралдар мен білікті кадрлар бар», - деп атап өтті министр.

Мамандарды қайта даярлау бағдарламалары туралы Еңбек министрлігі басшысының есебін тыңдаған Кенжеғұл Сейітжан мұндай қызметтің мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында сұрақ қойды.

«Мүгедектігі бар жандар бұл курстарға бармайды деп айтылды. Жалпы ол курстар ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қарай бейімделген бе?», - деп сұрады депутат.

Министр бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайта даярлау бағдарламалары жоқ екенін бірден мойындады.

«Біз бұл салада жұмысты енді бастадық. Өзіңіз білетіндей, бізде тұжырымдама бар, бірақ ол әлі де мемлекеттік органдармен бірге пысықталу сатысында. Бекіту процедуралары өтіп жатыр», - деп жауап берді министр.

Мәжілісмен және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан ерекше қажеттіліктері бар талапкерлердің колледжде білім алуы үшін жыл сайын қанша грант бөлу жоспарланып отырғанын сұрады. Бейсембаев өз кезегінде бұл квота алдағы уақытта тек ұлғая түсетінін айтты.

«Бұл принципті мәселе. Бізде мүмкіндігі шектеулі жандарға 1%-ға дейінгі квота бар еді. Бірақ Үкімет қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін көтеріледі», - деп нақтылады Бейсембаев.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy