Тұрғын үй тұтыну кооперативтерін дамыту қажет

Қазақстан Халық партиясы «Қолжетімді тұрғын үй және тұрғын үй кооперативтері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Жиынға министрліктер мен банк өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері қатысты.

Іс-шараның модераторы, Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар еліміздегі тұрғын үй мәселесі жаһандық сипатқа ие екенін атап өтті.

– Дөңгелек үстелдің мақсаты Қазақстанда қолжетімді тұрғын үйді дамыту мүмкіндіктерінің жаңа құралдарын қарастыру, – деді мәжілісмен.

ҚР кооперативтері және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары қауымдастығының төрағасы Қазыбек Шайх Қазақстандағы тұрғын үй мәселесін шешудің оңтайлы нұсқасы тұтыну кооперациясы болып табылатынын тілге тиек етті.

– Жеке тұрғын үй өмірдің барлық саласына оң әсер етеді, – деді Қ. Шайх. – Баспана болмаса әлеуметтік шиеленіс өрши береді.

Қауымдастық басшысы мемлекетке қанатқақты жобаны іске қосуды және ұлттық компанияларды тарта отырып тұтыну кооперативтерін кепіл құралына айналдыруға мүмкіндік беруді ұсынды.

– Халыққа тұрғын үй мәселесін өз бетінше шеше алатындай жағдай жасау қажет, – деді Қ. Шайх. Тұтыну кооперативтері жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны төмендетуді қаламайтын құрылыс компанияларының антилоббиіне тап болады.

– Біз кейбір адамдарды бақылаусыз байыту есебінен халықтың басқа санатын қайыршылыққа жетелегіміз келмейді, – деді қауымдастық басшысы. – Бізге ұстанымды түбегейлі өзгерту қажет.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Рустам Исаев тұрғын үй кооперативтерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқыны халықтың өсуінен едәуір төмен, тұрғын үй нарығын субсидиялау тек жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне түрткі болып жатыр, сонымен қатар кооперативтерді заңнамалық реттеу қажет дегенді алға тартты.

– Көптеген тұрғын үй тұтыну кооперативтері тауар пирамидасына айналып жатыр, – деді Р. Исаев. – Бұл қате механизм.

Әкімдіктер банкроттыққа ұшыраған ұзақ құрылыстарды аяқтап қана қоймай, мемлекеттік қолдаумен ТҚК-ға салуы тиіс. Сонда ТҚК үлестік қатысу шартын айналып өтуге мүмкіндік беретін тетікке емес, тұрғын үй нарығының толыққанды серіктестеріне ықпал ету тетігіне айналады. Бірақ бұл үшін тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға түзету енгізу қажет.

МЖӘ және инвестициялар саласындағы тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының төрағасы Арман Тілеубаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы тұрғын үй құрылысының мүмкіндіктері туралы баяндады. – МЖӘ-нің мәні – мемлекет пен жеке сектор арасындағы тәуекелді бөлу, – деп нақтылады Тілеубаев. – Бұл өте маңызды.

Қауымдастық төрағасының пікірінше, Қазақстанның болашағы жарқын. МЖӘ механизмі құрылыс мәселелерін ғана емес, басқа да шаруаларды шешуге мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстел барысында жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай секторының мәртебесі, құрылысқа жер бөлуді реттеу, әлеуметтік инфрақұрылым салу мәселелері талқыланды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy