МӘМС реформасы: жекеменшік клиникаларға тықыр таянды ма?

Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы «МӘМС реформасы: қаржылық ашықтығы vs. жүйенің тұрақтылығы мен медициналық көмектің қолжетімділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында Қазақстан телемедицина қауымдастығы және E-Health «QazTEH» болды.

Фракция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін реформалау – денсаулық сақтау саласының маңызды тетігі және әрбір азаматтың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан пікірталасқа қатысушылардың бәрі МӘМС-тің қаржылық ашықтығына, тұрақтылығына және қолжетімділігіне мүдделі екенін атап өтті.

– Біздің мақсат – денсаулық сақтау жүйесін сынау немесе кемшілік іздеу емес. Керісінше, ашық диалог арқылы МӘМС жүйесін халық үшін тиімді ететін ортақ, үйлесімді шешімдер табуымыз керек, - деді депутат.

1

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев алдағы реформаның негізгі тұстарына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, бұл өзгерістер медициналық көмектің сапасын арттырумен қатар, жүйенің ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда елімізде шамамен 3,3 миллион адам сақтандыру жүйесіне кірмеген. Жаңа өзгерістерге сәйкес, өмірлік қиын жағдайда жүрген азаматтарға (D және Е санаттары) және тіркеуде тұрған жұмыссыздарға көрсетілетін медициналық көмек жарнасын жергілікті бюджеттер төлейтін болады. 2027 жылға қарай қаржыландырудың сақтандыру үлгісіне толық көшу жоспарланып отыр.

Medical Management Group негізін қалаушысы, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі (MBA) Лейла Ишбаева реформаларға қатысты өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, ұсынылған өзгерістер оңтайлы көрінгенімен, жағдай аса мәз емес. Мысалы, елімізде баланы тексеру құны ересек адамды қараудан екі есе арзан. Оның айтуынша, бұл мәселе еуропалық педиатриялық тарифтер мен қарапайым логикаға қарама-қайшы. Бұдан бөлек, қазіргі жүйе емдеуге басымдық беріп, бастапқы медициналық-санитариялық көмекті (БМСК) назардан тыс қалдырып отыр. Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстан денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын көлемі бойынша әлемде 94-орында. Яғни, Латын Америкасы мен Африка елдері деңгейінде.

– Бізден кеңестік көлемде, еуропалық сапада қызмет көрсетуді талап етеді, ал оған бөлінетін қаржы – Африкамен бір деңгейде, ал реттеу жүйесі – Солтүстік Кореямен пара-пар, – деп сипаттады Ишбаева.

IClinic медициналық орталығының директоры, MBA, PhD дәрежесінің иегері Данияр Қалиевтің айтуынша, МӘМС қорына жеке медициналық ұйымдардың қаржылық есебін қадағалау үшін, жеке клиникаларға тауар жеткізу мен сатып алу процесіне арналған ақпараттық жүйелерді өздері құру міндеттеліп отыр. Бұл – орасан шығын және шын мәнінде қажетсіз шара.

– Бұл – мемлекеттің қаржысын бақылауға алып, үнемдеуге бағытталған қадам, бұған қарсылығым жоқ. Алайда денсаулық сақтау саласында МӘМС-пен, жекеменшік немесе мемлекеттік жеткізушілердің қатысы бар ірі заңбұзушылықтарға талдау жасасақ, барлық жағдайда ұрлық фактілері МСҚ қызметкерлерімен бірігіп жасалған, – деді ол.

«Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманованың пікірінше, жаңа тарифтер бастапқы медициналық-санитарлық көмекті күйретуі мүмкін Оның пікірінше, енгізіліп жатқан өзгерістер жекеменшік медицина секторына едәуір соққы болады, яғни, жекеменшік клиникалар үшін мемлекетпен жұмыс істеу тиімсіз болып кетеді.

«Нұрболат» медициналық компаниясының негізін қалаушы, «Азия Мед» клиникасының өкілі Жанболат Мелдешев те өз уәжін айтып, МӘМС жүйесінің мемлекеттік емханаларға негізсіз артықшылық беретінін, бұл ашық бәсекелестік қағидаттарына қайшы екенін жеткізді. Оны Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да қолдады.

Дөңгелек үстелде клиникаларды болмашы заңбұзушылық үшін қатаң жазалау, сондай-ақ «белсенді емес» халыққа көрсетілетін қызмет ақысын азайту салдарынан туындайтын қауіптер де көтерілді. Шара соңында қатысушылар бірқатар ұсыныстар мен нақты ұсынымдар қабылдады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy