ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде елімізде гидролог-ғалымдардың жетіспеушілігін атап өтті. Қазақстан Халық партиясы бұл мәселе туралы бірнеше жыл бұрын ескертіп, білім беру және су саласы қызметкерлерін даярлау бағытында шаралар қабылдауды талап еткен болатын.
– Қазіргі су тасқыны кезінде біз елімізде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығын ерекше сезіндік, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. - Өкінішке орай, біздің елімізде ондаған жылдар бойы ғылымның дамуына тиісті көңіл бөлінбегенін айтуға тура келеді. Біз бұрынғы ғылыми әлеуетіміз бен инфрақұрылымымызды жоғалттық.
Бұған дейін, 2017 жылы ҚХП парламенттік фракциясы Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда осы саладағы кадрлық әлеуеттің апатты жағдайда екенін атап өткен болатын.
– Қазіргі уақытта ЖОО түлектері, су шаруашылығының түрлі саласы бойынша оқу бітірген мамандар білімі, шеберлігі мен дағдыларының деңгейі бойынша қойылатын талаптарға жауап бермейді, - деген болатын сол кезде ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова. - Қазақстанның жоғары оқу орындарының «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша түлектерінің біліктілігі өте төмен.
Мәжілісмендер соңғы жылдары су ресурстарын басқарудың барлық деңгейлерінде білікті инженер-гидротехниктер іс жүзінде жоқ екенін атап өтті. Арнайы инженерлік пәндер талап етілетін деңгейде оқытылатын мамандандырылған жоғары оқу орындары жоқ. Су шаруашылығы органдары қызметкерлерінің басым бөлігі - зейнеткерлік жас алдындағы адамдар. Қазіргі кадрлық тапшылық - осындай саясаттың заңды нәтижесі.
– Біз еліміздің су шаруашылығы объектілеріндегі (Қызылағаш, Көкпекті және басқа да шағын су қоймалары) адам өліміне әкеп соққан апаттарды естен шығара алмаймыз, - деп атап көрсеткен еді ол кезде депутаттар.
Алайда мұндай аргументтің өзі Үкіметті шұғыл әрекет етіп, жағдайды өзгерту үшін түрлі шаралар қабылдауға итермелеген жоқ. Осының бәрінің нәтижесін қазіргі су басқан өңірлердегі жағдайға қарап бағалай беруге болатынын кез келген қазақстандық түсініп отыр.