Қаржы министрлігі Мәжілісте «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң жобасын таныстырды. Құжат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді.
– Мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құру қажет, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. – Басымдыққа ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы ие болуы тиіс.
Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл атап өткендей, заң жобасын әзірлеушілер бірқатар бастамаларды ұсынады. Атап айтқанда, жеткізушілерді таңдау кезінде бедел және біліктілік сияқты бағаға жатпайтын критерийлерді ескеру, қоғамдық мониторингті енгізу, әсіресе құрылыс саласында бір мердігер әрі жобалау, әрі құрылысты жүргізу және т.б. бойынша барлық жұмыстарды орындайтын «бір қолдан бітетін» шарттар жасасу. Сонымен қатар, заң жобасын дайындаушылар шағымдарды қараудың жаңа тетігін енгізуді, рәсімдеу кезіндегі бюрократиялық кедергілерді жою және конкурстарды өткізу мерзімдерін қысқартуды ұсынады. Сыбайлас жемқорлық әрекеттерін азайту мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау жүмыстары, ал кейіннен техникалық қадағалау жұмыстары рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, тек қана конкурс арқылы сатып алынатын болады. Осы талаптарды жүзеге асыру үшін, әрине, Бірыңғай мемлекеттік сатып алу операторы - «Электрондық қаржы орталығы» АҚ базасында бірыңғай платформа құрылады.
– Заң жобасы сондай-ақ заңнаманы жақсартуға бағытталған құқық қолдану тәжірибесінің нәтижелері бойынша басқа да түзетулерді қамтиды, - деп сендірді депутаттарды Дәурен Кеңбейіл. - Жалпы, заң жобасын қабылдау сатып алу процесін жеңілдетуге және қысқартуға, бағадан сапа басымдығы қағидатын қамтамасыз етуге әкеледі.
Алайда вице-министрдің түсіндірмесі Мәжіліс депутаттарының көкейіне сенім ұялата алған жоқ. Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжан байқауда жеңіп шығып, ақша алған, бірақ қажетті жұмыстарды жүргізбеген жауапсыз мердігерлердің әрекетінен зардап шеккен әлеуметтік маңызы бар нысандар мәселесін көтерді. Сонымен қатар, мәжілісмен мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік қызмет көрсету әлеуметтік порталының тауарлары мен көрсетілетін қызмет сапасының төмендігін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Депутат К.Сейітжанның «Қандай шаралар қабылданады?» деген сұрағына, өкінішке қарай, нақты жауап болмады. Дәурен Кеңбейіл қолданыстағы заңнамада мүгедектігі бар адамдар үшін «өте көп жағдай қарастырылғанын» атүсті ғана хабарлап өтті. Ал мердігерлік жұмыстардың орындалмауына қатысты бұл жерде министрлік нысандарды неғұрлым әлеуметтік маңызды, немесе, маңызы төмен деп бөлмейтінін жеткізді.
Заң жобасы жұмысшы топтарына талқылауға жіберілді.