Жастар таңдауы. Заманауи трендтер

dep.jpg

Даяна Даулетяр

Қазiргi таңда Қазақстан жастардың кәсiби жолын таңдауда елеулi өзгерiстермен бетпе-бет келіп отыр. Дәстүрлі еңбек мамандықтарын таңдаудың орнына көптеген жастар өз қабілеттерінің жоқтығына, сондай-ақ техникалық салаларда және басқа да жаңа мамандықтарды игеріп, жүмыс істеп кету мүмкіндіктерінің жоқтығына қарамай, табысты компанияларда жоғары лауазымдарға ұмтылғысы келеді.

Үрдістер мен себептер

Қазіргі жастар кәсіп таңдауда белгісіздік пен қысымға тап болады. Ол жұмыс тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі жүзеге асыру құралы болады деп күтеді. Бұл шешiмдерге ата-аналардың, қоғамның және бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы едәуiр әсер етедi. Ата-аналар табысты мансап туралы өз ой-пікірлерін негізге алып, балаларына кәсіп таңдауға көп жағдайда өз көзқарастарын тықпалап жатады. БАҚ өз кезегінде табысты адамдардың идеалданған бейнелерін жасайды, бұл шынайы емес болжамдарға әкелуі мүмкін. Бұдан басқа, практикалық тәжiрибенiң жетiспеушiлiгi және түрлi салалардағы нақты жұмыс туралы ақпараттың кемдігі шешiм қабылдау процесiн қиындатады.

Қазақстан жастары дәстүрлі техникалық мамандықтарға қарағанда табысты компаниялардағы жоғары лауазымдарға көбірек ұмтылады. Бұған бірнеше фактор ықпал етеді.

Біріншіден, біз айтып өткендей, түрлі мамандықтардың беделі мен мәртебесі туралы түсініктерді қалыптастыруда БАҚ-тың ықпалы мен қоғамдық пікір маңызды рөл атқарады. Жарнама мен танымал мәдени үлгілер көбінесе компаниялардың мансабын тартымды етіп көрсетеді, бұл әртүрлі кәсіби салалардың нақты перспективаларын бұрмалап қабылдауға алып келуі мүмкін.

Екіншіден, білім беру мекемелері мен ата-аналар да жастардың таңдауына елеулі әсер етеді. Көбінесе ата-аналар балаларының болашағын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, оларды жоғары білім алуға және кеңседе жұмыс істеуге ынталандырады, мұны техникалық мамандықтарға қарағанда тұрақты және беделді деп есептейді.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының зерттеулері көрсеткендей, Қазақстандағы еңбек нарығына жыл сайынғы жас жұмыскерлердің ағыны 300 мың адам деңгейінде болжанып отыр. Алайда, жұмысқа орналастырудағы ағымдағы үрдістер сақталған кезде 2030 жылға қарай бірқатар өңірлер жұмыс орындарының тапшылығына тап болуы мүмкін. Жастар еңбек нарығындағы жалдау мен өзін-өзі жұмыспен қамтудың арақатынасы бес жыл бойы өзгеріссіз қалып отыр - жалдамалы қызметкерлердің 78% -ы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың 22% -ы. Сондай-ақ өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында жастардың жұмыспен қамтылуының төмендеуі аясында еңбекке қабілетті жастардың қызмет көрсету және сауда саласына бет бұруы байқалады.

Салдары

Бұл жағдайдың негiзгi салдарының бiрi оқуды аяқтағаннан кейiн және кәсiби қызметiн бастағаннан кейiнгi жастардың наразылығы мен көңiлi толмаушылығы болып табылады. Көптеген жастар өздері таңдаған кәсібінің олардың ойындағыдай емес немесе қабілеттеріне сәйкес келмейтінін кеш түсінгендей жағдайға тап болады. Бұл жұмысқа деген ынтаның жоқтығына, күйзеліске, тіпті қызмет түрінің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін, бұл уақыт пен ресурстарды жоғалтуға әкеп соғады. Бұдан басқа, еңбек нарығындағы мұндай түсініспестік экономиканың әртүрлі секторларындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікке әкеледі.

Қазіргі қоғамда жастар түрлі стратегиялар мен ықпалдардың объектісіне айналуда. Алдыңғылармен салыстырғанда жаңа буын басымдықтарының күрт өзгеруі байқалады. Егер бұрын кәсіби өсуге және еңбек арқылы өзін-өзі көрсетуге, танытуға баса назар аударылса, бүгінде көптеген жастар ойын-сауыққа және өмірден ләззат алуға ұмтылады. (Бұл ақпараттық технологиялардың дамуына және ойын-сауық контентінің қолжетімділігіне байланысты.)

Алайда, сонымен қатар, жастардың қоғамға бейімделу, қалыптасу проблемасы да байқалады. Кейбiр елдерде жұмыс iстемейтiн және оқымайтын («ни-ни» буыны) жастар санаты бар, бұл да мемлекет пен қоғам тарапынан назар аударуды талап етедi. Ал Қазақстанда жастар негізінен мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге ұмтылады. Сондай-ақ жастардың құндылық бағдарларында да өзгерістер байқалады. Егер бұрын мансаптық жетістіктер мен отбасылық құндылықтар маңызды болса, қазір жастар өзін-өзі жетілдіруді және өмірден ләззат алуды мақсат тұтады.

Қазақстан Халық партиясы «Болашақтың медиаконтенті» атты жаңа айдар ашып жатыр. Онда біз жас журналистер мен блогерлердің қазіргі қоғам өміріндегі түрлі аспектілер мен өзекті тақырыптарды қозғаған материалдарын жариялайтын боламыз. Атап айтқанда, ақпаратқа қол жеткiзу, азаматтық қоғамды дамыту мәселелерінен бастап әлеуметтiк саланың, патриоттық тақырыптың тетiгiн жетiлдiруге дейiн және т.б материалдар жарық көретін болады. Партия Қазақстанның жас, жаңа буынымен диалог орнатуға ниетті. Мұндай қарым-қатынас ертеңгі күні біздің орнымызға келетіндерді жақсы түсінуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Бұл материалдар авторларының пікірі ҚХП редакциясының пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy